Қостанай жылқы тұқымы жойылып кетудің сәл алдында тұр

Мемлекет тарапынан қаржыландыру тоқтағалы бері Қостанай жылқы зауытының жағдайы құлдырай бастады, деп хабарлайды 24KZ. Біраз жыл жүргізілген жаңғырту жұмыстары да тұралап қалды. 

Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты кәсіпорында кезінде 300-ден астам жылқы болған. Бүгінде үштен бірі қалды.

Қостанайдағы «Қазақ тұлпары» жылқы зауытының іргетасы 1880 жылдары қаланған. Сол кездері де мұнда асылтұқымды жылқы алу жұмыстары жүргізілген. Салт-жегінді Қостанай тұқымын бекіту туралы қаулы да бар.  2000 жылдан зауытта спорттық бағыттағы қазақ қазанатын жетілдіру жұмыстары басталды. Іріктеліп, сұрыпталып, ағылшын, араб және жергілікті жылқыны будандастыру арқылы қыл құйрықты тұлпардың жаңа түрі алынды.

Серік Смағұлов, шабандоз:

- Негізі Қостанай жылқы күрең қасқа болып келеді осылай. Олар алысқа шыдамды. Аяқтары мықты. Сіңірлері жуандау болып келеді. Сосын тұяқтары да мықты болып келеді бұлардың. Бұл жүріске де жақсы. Алысқа да барады. 120-ға шабады бұлар негізі.

10 жыл бұрын жылқы зауытын мемлекет тарапынан қаржыландыру тоқтады. Содан бері селекциялық жұмыс жөнді жүрмеді. Кәсіпорын базасында елімізде бірегей иммуногенетикалық, биотехникалық зертханалар мен жасанды ұрықтандыруға арналған қондырғылар бар. Осының бәрі бүгінде қаңырап тұр. Жұмысшылар да бірнеше айдан бері жалақы алмаған. Жалпы осы жылдар ішінде Қостанай жылқы тұқымы өз ісіне шын берілген жандардың ынта-жігерінің арқасында сақталып қалды. Қазір қалған 92 бас жылқыны қыстан аман алып шықсақ игі деп отыр.

Виталий Гофман, «Қазақ тұлпары» жылқы зауытының зоотехнигі:

- Отандық бірегей жылқы тұқымын сақтап қалуды ұрпақ алдында парызымыз деп білемін. Жоқтан бар жасап, соған тырысып жатырмыз. Өз күшімізбен жемшөбін дайынап, қора-қопсыны жамап-жасқап алдық. Спорттық бағыттағы бір жылқының күтім-бағымына жылына бір миллион тенгеден астам қаржы қажет. Мемлекет қолдауынсыз оны іске асыру мүмкін емес.

Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің форуымында Мемлекет басшысы Қостанай жылқысы жойылып кетудің сәл алдында тұрғанын айтып, оның саны мен сапасын арттыруды міндеттеген болатын. Заңға енгізілген өзгерістерге байланысты енді жылқыны асылдандыру бағытындағы селекция, күтіп-бағу шығындары субсидияланады.

Аслан Молдаш, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:

- Ғылыми институттар соның нормативін, сосын анау критерий дейді, соны бізге ұсыну керек. Рекомендация ретінде, соны әзірлеу бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Селекциялық жұмыстар мен Қазақстан бойынша Қостанай тұқымы қанша бар, соны санау жұмыстары. Кезінде 300 басқа дейін болған дейді ғой. Соған жақындасақ, дұрыс болар еді енді.

Ел Президенті сондай-ақ Үкіметке жылқы шараушылығы инстиутын құруды тапсырды. Алдағы бес жылдың ішінде асылтұқымды жылқы үлесін 6-7%-ке көбейту жоспарланып отыр.