СҚО-да білім беру саласындағы реформалар талқыланды
Келер жылы Солтүстік Қазақстан облысында 10 тірек мектебі ашылады, деп хабарлайды 24kz.
Олар шағын жинақталған оқу ордаларына әдістемелік қолдау көрсетеді. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мәлімдеді. Вице-премьер Петропавлда балабақша меңгерушілері және колледж директорларымен кездесіп, білім беру саласындағы реформаларды талқылады.
Солтүстік Қазақстан облысында мектепке дейінгі 450 білім беру ұйымы бар. Оның басым бөлігі мемлекеттік. Тамара Дүйсенова ең алдымен балабақша меңгерушілерімен кездесіп, ваучерлік қаржыландыру жүйесін талқылады. Қазір бұл жоба Тараз, Шымкент және Түркістанда сынақтан өтті.
Мәдина Дәрібаева, балабақша меңгерушісі:
- Ерекшелігі қандай, ата-аналар қазіргі кезде келіп-кету табелінің, балаларының қойылған күндерін көретін мүмкіндігі бар. Бірақ мамыр айынан бастап өздері сол келіп-кету табеліне қол қойып, қолтаңбасын береді. Сол арқылы бізге балабақшаларға бюджеттен ақша бөлінеді.
Вице-премьердің айтуынша, елде әрбір екінші бала мектепке дайын емес. Бұл реттте балабақшалардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, білім беру жүйесін өзгерту керек. Оған осы ваучерлік қаржыландыру жобасы оң ықпал етуі тиіс. Бұған қоса, арнайы кеңес беру пунктері ашылды.
Ернұр Дәуенов, ҚР Оқу-ағарту министрлігі комитетінің төрағасы:
- Бұл жерде ата-аналар балабақша келіп, балалармен жұмыс жасаудың әдістемесі, ерекшеліктері бойынша кеңес ала алады. Және балалар сол жерде қосымша арнайы мамандардың сабағын ала алады. Осы балаларға жаз айында оқу жылы басталмай тұрып «Балақайлар мектебі» атты республикалық жобасының аясында оқыту ұйымдастырылады.
Орта білім беру деңгейін де көтеру керек. Ол үшін «Мақсатты мектептер» жобасы іске қосылды. Оның міндеті – әдістемелік сүйемелдеу, мұғалімдердің біліктілігін арттыру және оқыту үрдісін жетілдіруге негізделген. Солтүстік Қазақстан облысында осындай 20 мектеп бар.
Айгүл Мұқанова, Возвышен ауылы орта мектебінің директоры:
- Жұмыс барысында жобаның оң нәтиже беретініне көзіміз жетті. Мысалы, қазақ тілі және биология пәндері бойынша білім беру деңгейінің төмен екені белгілі болды. Қазір бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз.
Үкімет басшысының орынбасары Петропавлдағы IT мектеп-лицейінде болып, «Smart» орталығы және робототехника кабинетімен танысты. Бұл жерде Тамара Дүйсенова мектеп директорларымен жиын өткізіп, білім беру жобаларын талқылады.
Бикеш Қасенова, М.Жұмабаев атындағы IT мектеп-лицейінің директоры:
- Қаланың 4 мектебімен жұмыс жасаймыз. Ол мектептермен әдістемелік көмек жағынан, яғни, IT платоформалар жағынан көптеген жұмыс жасаймыз. «Қала-ауыл» деген бағдарламасы бойынша біз Аққайың ауданының 3 мектебімен жұмыс жасаймыз.
Вице-премьердің назарынан кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі де тыс қалған жоқ. Президент Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланды. Экономика білікті мамандарға мұқтаж.
Санжар Тәтібеков, ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «talap» ұйымының президенті:
- Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі бұл осы экономикамыздың белгілі бір қозғаушы күшіне айналу керек. Бұл ретте әртүрлі факторларды айта кетуімізге болады. Бізде Қазақстанда 772 колледж бар. 440-тан астам бұл мемлекеттік болып саналады. Бірақ біз енді трансформация жүйесінде бөліп-жармаймыз. Барлығымыз осы бағытта бірігуіміз керек.
Бұл – Петропавлдағы жоғары құрылыс – экономикалық колледжі. Тамара Дүйсенова студенттермен пікірлесіп, білім беру жүйесіндегі реформаларға тоқталды.
Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Білім саласындағы ең негізгі мәселе – сапаны арттыру. Сондықтан да біз қазір білім саласын кең, көп деңгейлі бір жүйе ретінде қарап жатырмыз. Себебі бала біздің білім саласына 2 жасында келіп, 22 жасында шығады. Сондықтан да жалпы азамат болып шығуы – осы білім саласына байланысты.
Өңірде 11 мың студент білім алатын 24 колледж бар. Үкімет басшысының орынбасары кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін трансформациялаудың жолдарын талқылады. Жергілікті атқарушы органдарға елде жүргізіліп жатқан реформаларды жұртшылыққа жеткізіп, жүйелі іске асуын қадағалауды тапсырды.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков