Көкшетауда Artsport және DamuBala бағдарламаларына бөлінген қаржы жымқырылған
Көкшетауда спорт секцияларына бармаған балаларды «барды» деп тіркеп, мемлекеттік қаржыны жымқырған жайттар анықталды.
Жергілікті прокуратура Artsport және DamuBala бағдарламасын тексеріп, бірқатар заңбұзушылықты анықтады. Ал министрлік жүйенің жұмысын жақсарту үшін қандай ұсыныс жасады?
Ақмола облысында жан басына қаржыландыру жүйесі 2021 жылдан бері іске асады. Өңірде мемлекеттік тапсырыспен белгіленген 60-тан астам спорт түрінің, 20-сы жұмыс істейді. Бастапқыда бағдарламаға 400 млн теңге шамасында бөлінсе, биыл қаржыландыру көлемі 1 млрд 900 млн теңгеге жетті.
Қуаныш Қаракұлов, Ақмола облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:
- Бізде жан басына қаржыландыру жүйесінде 200-ден астам қызмет көрсетуші бар, 11600-ден астам бала қамтылған. Осы жылы ваучерлер беру үшін екі рет өтінім қабылдадық. Нәтижесінде 1 тамызда 6 мың ваучер берілді. Ал қазан айында платформа арқылы 2 мыңнан астам ваучер берілді. Қазір 3 мың бала кезекте тұр.
Бағдарлама іске қосылғаннан бері Көкшетау қаласының прокуратурасы жыл сайын тексеріс жүргізеді. «Статистика бойынша ақша бөлінеді, бірақ дұрыс игерілмейді», - дейді мекеме өкілдері. Мемлекеттік бағдарламаға қызмет көрсетушілер үйірмелерге бармайтын балаларды есепке жазуы мүмкін екендігі анықталды. Тізімде бар, іс жүзінде жоқ, бірақ бұл оқушылар үшін бюджеттен ақша алады.
Луиза Байжанова, Көкшетау қаласының прокуратура бөлімінің прокуроры:
- Біз сараптама жүргізіп, Мәдениет және спорт басқармасынан құжаттарды сұратамыз. Қанша бала, қандай секцияларға қатысатынын тексереміз. Кейде қағазда ауданы кішкентай кабинеттерге бір уақытқа жүздеген баланы тіркеп қояды. Сондай жайттарды тексереміз. Бұдан бөлек, ата-аналарға хабарласып, «балаңыз шынымен де осындай секцияға бара ма?» деп сұраймыз. Облыс бойынша тізімде мүгедектігі бар балалар да болды. Біз тексеріс жүргізіп, 1 млн теңгеден астам бюджет қаржысы жымқырылғанын анықтадық.
Қуаныш Қаракұлов, Ақмола облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:
- Жоқ балаларды «тіркеді» деп айта алмаймыз. Шамасы ата-анасы баланы секцияға тіркеген. Ал бала сабаққа бармаған. Бірақ табельде оны секцияға қатысты деп белгілеген. Соған тергеу жүріп жатыр.
«Даму бала» жүйесіне тіркеле алмаған ата-аналар Астанада да бар. Бас шаһарда тегін секцияларға өтінімдер қабылдау қараша айында ашылды. Бірақ жүйе ұзақ жұмыс істеп, ақпарат жүктелмей ата-аналарды әбден әбігерге салды. Тіпті «Даму бала» жүйесіне хакерлік шабуыл жасалды» деген пікірлер айтылған. Бірақ бұл ақпарат расталған жоқ. Ал Туризм және спорт министрлігі жүйеге жергілікті атқарушы органдар жауапты деп, ат тонын ала қашты.
Еркебұлан Сәбиханов, ҚР Туризм және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитеті бұқаралық спортты дамыту басқармасының бас сарапшысы:
- Қалалық спорт басқармасының хабарлауынша, 18 мыңнан астам бала тіркелді. Бірақ ата-аналардің көпшілігі балаларын секцияларға тіркей алмағанын айтып, жүйенің жұмысына шағымданды. Министрлік жергілікті атқарушы органдарға комиссия құрып, платформаның жұмысын тексеруді ұсынады.
Балаларды дамыту бағдарламасына биыл бюджеттен 15,1 млрд теңге бөлінді. Оның 7,2 млрд теңгесі спорт секцияларын қаржыландыру үшін, ал мәдени үйірмелерге – 7,9 млрд теңге. Бұл сома 73 мың баланы мемлекет есебінен қамтуы тиіс болатын. Бірақ нақты сандар тек тексерістен соң белгілі болады.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Аслан Абуталипов