Алматыда Франция университетінің филиалы ашылды

Алматыда Францияның Лотарингия университетінің филиалы ашылды, деп хабарлайды 24KZ. Бұл бастама Мемлекет басшысының шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын құру туралы тапсырмасы аясында жүзеге асып отыр. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің базасында жұмыс істейтін филиалда француз тілі педагогикасы, мемлекеттік басқару, халықаралық қатынастар және халықаралық құқық сияқты жеті бағыт бойынша мамандар дайындалады.

Биыл шетелдік университеттің филиалында білім алу үшін 95 грант бөлінген. Білім беретін профессор-оқытушылардың 30%-і – Франциядан келген мамандар. Ашылу салтанатында жоғары оқу орындары арасында әріптестік бойынша меморандумға қол қойылды.

Болат Тлеп, Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры:

- Лотарингия университеті мен біздің университетімізді жалғастыратын ортақ жобалар өте көп. Атап айтатын болсақ, біз бүгін ғана байланыс орнатып отырғанымыз жоқ, байланыс бұған дейін 2017 жылдан басталған. Қос дипломды бағдарламалар, басқа да бағыттар бойынша жұмыс тәжірибеміз жеткілікті.

Сильван Гиоге, Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Бұл өте маңызды күн. Өйткені бұл біздің университеттер арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың нәтижесі. Қазақстаннан Францияға көбірек студенттер жіберуге болатыны айтылды. Бұл біздің мақсатымыз. Сонымен қатар француз студенттерінің Қазақстанға, Алматыға келуі, қазақстандық университеттермен танысуы біз үшін маңызды.