«XXI ғасыр көшбасшысы»: БҚО-ның намысын қорғайтындар анықталды

«XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынында Батыс Қазақстан облысының намысын қорғайтын білімді өрендердің есімі белгілі болды, деп хабарлайды 24KZ. Байқаудың облыстық кезеңіне 109 оқушы қатысса, соның ішінде ең көп ұпай жинаған үздік бестік келер көктемде білім додасына Алматыға аттанбақ.

Білімдінің жолы жарық, білімсіздің күні ғаріп. Зейінді де білімді жастарды тауып, елге танытуды мақсат тұтқан «ХХІ ғасыр көшбасшысы»  тележобасына оқушылардың қызығушылығы орасан. БҚО бойынша байқаудың бастапқы аудандық-қалалық кезеңіне 573 оқушы қатысса, соның 109-ы облыстық кезеңге іріктеліпті.

Жадыра Бекжанова, БҚО білім басқармасының бөлім басшысы, қазылар алқасының төрағасы:

- Жалпы тапсырма 60 сұрақтан тұрады. 75 минут уақыт берілді. Ең жоғары ұпай жинаған жеңімпаздар анықталып отыр. Республикалық кезеңіне облыс намысын қорғайтын бес жеңімпазды білім беру ұйымдары қосымша дайындық жүргізеді.

Білім додасының облыстық кезеңінде ең жоғары ұпайды Назым Қоныс пен Ерасыл Сейілхан жинады. Екеуі де сұрақтардың 73%-не дұрыс жауап берген. Қатысшуыларға іріктеу кезеңінің сұрақтары ұнапты, олар бұл сайысты ҰБТ-ға дайындық ретінде қарастырып отыр.

Назым Қоныс, «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының облыстық кезеңінің жеңімпазы:

- Сұрақтары ерекше ұнады. Яғни, жай ғана формула емес, өмірде кездесетін, күн туралы дегендей, өте қызықты сұрақтар болды. Республикалық кезеңде бірінші өзіме білім аламын деп ойлаймын. Яғни, 5-6 бағыттағы пәндерді оқытатын болғасын өзімнің көкжиегімді байытам.

Ерасыл Сейілхан, «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының облыстық кезеңінің жеңімпазы:

- Осы жарысқа негізі республикаға өтемін, содан жақсы нәтиже көрсетем деген сеніммен келгендіктен, қатты қуандым. ҰБТ-ға дайындық осы сайысқа, ал сайыстың дайындығы осы ҰБТ-ға септігін тигізеді деп ойлаймын. Жалпы мен тарих пәні мұғалімі болуды армандаймын.

Байқау барысында 4 үміткер бірінші турда-ақ өзгелерден оқ бойы озып шықса, үздік бестікке ілігуге мүмкіндік беретін соңғы орынға талас соңына дейін тартысты өтті. «Бұл іріктеу кезеңінің ұйымдастыру және дайындығының жақсы деңгейде болғанын байқатады», – дейді ұйымдастырушылар. Енді Батыс Қазақстан өңірінің бес оғланы Оқу-ағарту министрлігі мен «Хабар» агенттігінің бірлесіп ұйымдастырған «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысының республикалық ақтық сынында туған өңірінің намысын қорғамақ.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов.