Түркістанда «ХХІ ғасыр көшбасшысы» ойынының облыстық іріктеу кезеңі өтті

Түркістанда «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынынынң облыстық іріктеу кезеңі өтті.

Сайысқа 193 оқушы қатысып, бақ сынады. Олар мектепішілік және аудандық сайыстың жеңімпаздары. Енді шын жүйріктер анықталып, республикалық кезеңге жолдама алады.

«ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысының облыстық кезеңіне кіл мықты жиналды. Білім құмар жеткішектер аудандық сайыста 30 сұраққа жауап берсе, бұл жолы  60 сұрақ күтіп тұрды. «Шын жүйрікке тұсау жоқ» демекші, өзіне сенімділері берілген тапсырманы уақытынан бұрын орындап шықты. Солардың бірі Жетсай қаласынан келген Сымбат Абай. 

Сымбат Абай, оқушы:

- 60 сұрақтың ішінде бізге биология, математикалық сауаттылық, тарих және дүниежүзілік тарих пәні бойынша сұрақтар келді. Мектеп бағдарламасына сай сұрақтар. Жауап беруге болады және жауап бердім деп ойлаймын.

Ал Келес ауданының 1 мамыр ауылынан келген Айбек Жадил жаратылыстану бағытындағы сұрақтар жеңіл болғанын айтады.   

Айбек Жадил, оқушы:

- Мен математикадан олимпиадаға келгеннен кейін математика бағыты сәл оңайлау болды. Қазір мен биология-химия пәнін таңдап отырғаннан кейін биология сұрақтары оңай болды. Тарихтан да сұрақтар жеңіл келді. Жақсы ұйымдастырылған, керемет.

Ал білім додасында Бәйдібек ауданының намысын қорғап, бақ сынаған Шырын Өркен облыстық интеллектуалдық сайыс оңай болмағанын айтады. Әйтсе де барлық сұрақты қамтыдым дейді.

Шырын Өркен, оқушы:

- Барлық сұраққа өз деңгейінде жауап бердім деп ойлаймын. Математика кішкене қиындық тудырды. Логикалық сұрақтар болғандықтан ойланып, жауап бердім. 60 сұрақтың барлығына жауап бердім деген ойдамын.

Білім бәсекесінің облыстық кезеңіне қатысқандардың барлығы бұған дейін өңірдегі 17 аудан-қалада өткен сайыста 2 мыңға жуық оқушының арасынан үздік шыққандар. Сондықтан комиссия мүшелеріне жеңімпаздарды анықтау оңайға соқпағаны анық.

Медет Байтуғанов, облыстық дарынды балаларды анықтау және қолдау орталығының әдіскері:

- Облыстық кезеңге 60 сұрақ әзірленді. Оның ішінде білімге, спортқа, өнерге қатысты жан-жақты, оқушының дамуына интелектуалды сұрақтар жинақталған. 75 минут берілді. Осы уақытта 60 сұраққа жауап беріп, ең жоғары балл алған бес оқушыны республикалық кезеңге ұсынатын боламыз.

Тестілеу нәтижесінде ең жоғары балл алған Бекзат Балтамаш, Толғанай Бақыт, Аяжан Әти республикалық кезеңге жолдама алды. Ал одан кейінгі жоғары балл жинаған 5 оқушының ұпайлары тең түсті. Бәскелестік жоғары болғандықтан, әрі оқушылардың алыс аудандардан келгенін ескерген қазылар алқасы олардың арасындағы жеңімпазды анықтауды сәл кейінге шегерді. Алдағы күндері қосымша іріктеу өткізіліп, республикалық сайысқа баратын 2 үміткер  белгілі болады. 

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш