Алматыда 95 мектеп бір ауысымды оқытуға көшіріледі

Алматыда 2027 жылдың соңына дейін мектептердің кем дегенде 40%-і бір ауысымды оқыту жүйесіне көшеді. Бұл шамамен 95 білім ошағы. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев хабарлады. Мұндағы мақсат – балаларға жүктемені азайтып, білім сапасын арттыру.

Балаларды бір аусымда оқытуға көшіру Алматыда биылдан басталды. Осы оқу жылы 43 мектепте сабақ түске дейін ғана болады. Алғашқы нәтиже жаман емес. Солардың бірі – №40 мектеп. Мұндағы оқушылардың 35%-і түстен кейін мектеп ішіндегі тегін үйірмелерге қатысады екен. Бүгін ашық есік күнін өткізіп, әріптестерімен өз тәжірибелерімен бөлісті.

Елдос Қасымжанов, мектеп директоры:

- Түстен кейінгі уақытта бос уақыттарын үйірмелерге, яғни қызықты математика, ағылшын тілін үйрену, сөз өнері және қолөнерлерге жұмсайды. Ағаш бұйымдарынан жұмыс жасау, басқа да әртүрлі көркемсөз өнерлері бар. Жалпы біздің мектепте 15-16 үйірме жұмыс істейді.

Үйірмелерді әр аудандағы оқушылар үйінің ұстаздары жүргізеді. Балалар пәндік және шығармашылық бағыттың ішінен қалағанын таңдай алады.

Сәуле Ибрагимова, қала тұрғыны:

- Баламызды бір жылдың ішінде неше күй үйретті. «Келіншек», «Адай». Сондай күйлер тартып жатыр қазір. Осы «Келіншектен» талай жарыстарға қатыстық, сол бір жарыста жеңіп, Ташкентке барып келдік.

Гүлнұр Шөгелбаева, қала тұрғыны:

- Биылдан бастап робототехникаға ұлым қатысып жатыр. Телефоннан алшақтау, бала кітап оқуға, жаңағы үйірмелерге қатысып, уақытын тиімді пайдаланып жатқанына мың да бір шүкір дейміз.

Бастаманы ата-аналардың қуана қарсы алғаны рас. Мектеп түсткен кейін бос болса, қосымша сабақтарды ұйымдастыруға мүмкіндік көбейеді. Әкімдік 2027 жылдың соңына дейін Алматы мектептерінің 40%-ін немесе 95 мектепті бір ауысымда оқытуға көшіруді жоспарлап отыр.

Ерболат Досаев, қала әкімі:

- Әкімдік білім беру инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөледі. 2024 жылы 11,7 мың оқушыға орны бар 18 жаңа білім беру объектілері салынды. Қабылданған шаралар келесі оқу жылына орын тапшылығын 3-4 мың орынға дейін «басқарылатын» деңгейге төмендетеді.

Әкімнің айтуынша, биыл оқу жылының басында қала мектептерінде орын тапшылығы 30 мың болған. Бұл мәселені шешу үшін Президент тапсырмасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» жобасы аясында 22 мың орынды қамтитын мектептер бой көтермек. Әкімдіктің қаржысына білім ошақтарын салу да жалғасады.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев.