«Жайлы мектеп» жобасы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

Елімізде алдағы екі жылда 369 «Жайлы мектеп» салынады. Заманауи талапқа сай бой көтеретін су жаңа білім ошақтары 740 мың оқушыға шақталған.

Ұлттық жоба аясында іске асатын бастама өңірлердегі үш ауысым мәселесін шешуге бағытталып отыр. Межелі міндет ойдағыдай орындалса, ауыл мен қала баласына бірдей жағдай жасалып, білім беру жүйесіндегі біраз жайсыздық толығымен жойылмақ. Президент пәрменімен қолға алынған жоспарлы жұмыстың беталысын әріптесім Кәмшат Мұхамеджан бағамдап келді.

Оқу ордасына тамсанып, жалықпай айта беруге бар бұл бүлдіршіндер 5-сыныпта оқиды. Ұлттық жобамен салынған білім ошағының алғашқы шәкірттері. Бұған дейінгі мектептері тар әрі ескі болыпты. Жаңа оқу жылы Айлан мен Айдананың арманын орындады. Қазір өздерімен бірге 4000 мыңға тарта замандасы су жаңа, заманауи стандартпен салынған ғимаратта білім нәрімен сусындап келеді.

Гүлсан Жаманқараева, №106 орта мектеп директоры:

- Мектебіміз 2000 орындық қазіргі таңда 3300 бала оқиды. Мұғалімдер саны 195. Мектебімізде 176 камера орнатылған. Сыртта және іште балалардың қауіпсіздігінің бәрі толық қамтылған. Мектеп балаларға жайлы орта қабылтастыр, сапалы білім, саналы тәрбие беруде мектебіміздің орны ерекше.

«Жайлы мектеп» жобасы аты айтып тұрғандай оқушы мен ұстазға жайлы орта қалыптастыру. Қала мен ауыл баласындағы арақашықтықты жою. Межелі міндетке жету үшін ұлттық жобада арнайы бірыңғай стандарт бекітілді. Салынған оқу ордалары бірдей. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылған. Оқу кабинеттері түгелдей жаңа технологиялармен жабдықталған. Интерактивті тақта, қолжетімді компьютер. Кіре берісте әрбір оқушы үшін жеке шкафтары қойылған.

Кәмшат Мұхамеджан, тілші:

- Ұлттық жоба жемісін көріп жатқан көптің бірі – Астанадағы нөмірі 106-ы орта мектеп. Мұнда оқимын деп келген балаға бар мүмкіндік жасалған. Заманауи үлгіде жабдықталған пәндік кабинеттер, арнайы сыныптар құрылған.

Ұлттық жоба 2022 жылы Президент пәрменімен қолға алынды. Жолдауында Мемлекет басшысы: «Әр баланың білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс», – деді. Артынша үкімет алдына үлкен міндет қойды. 2025 жылға дейін 800 мың шәкірт заманауи мектеппен қамтылуы керек. Осылайша, елдегі апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын оқу ордаларының мәселесі шешілмек. Су жаңа білім мекемелері ең алдымен оқушы орны тапшы аймақтарда салынып басталды. Түзілген тізімде Алматы, Түркістан облыстары мен Шымкент, Астана қалалары бар.

Мереке Амангелдіқызы, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі:

- Жоба аясында 37 мектеп пайдалануға берілді. Оның 16-ы ауылдық елді мекендерде орналасқан. Жобада білім беру ортасының функфионалдығы және қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. Тағы бір айта кету керек, заманауи техникалық шешімдерді енгізу арқылы қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін кедергісіз орта құрылған.

Жаңа үлгідегі 217 мектеп 2025 жылдың соңына дейін салынып бітеді. Қала мен шалғайдағы ауылдарды қосқанда 461 мыңнан аса оқушыға жаңа орын жасақталады. Мектеп құрылысына отандық өнім қолдану көзделген. Қажетті құрал-жабдықтардың да 60 пайызы өзіміздің ішкі нарықтан сатып алынады. Тек білім саласы ғана емес елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында да ұлттық жобаның алар орны айрықша.

 

Авторлары: Кәмшат Мұхамеджан, Ақылбек Есімсейітов