Қазақстан Түркиядағы зілзаладан зардап шеккен ауданға мектеп салып береді
Түркияда жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен ауданға Қазақстан жаңа мектеп салып береді.
Құрылыс «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігі арқылы жүзеге асырылады. Ал бүгін білім ордасының құрылысы басталды.
Меруерт Қанағат, меншікті тілші:
- Газиантеп провинциясы, Нұрдағы қаласында 960 оқушыға арналған мектеп құрылысының іргетасы қаланды. Бұл жәй мектеп емес. Осыдан екі жыл бұрын болған жойқын жер сілкінісінде қатты зардап шеккен Нұрдағы жұртшылығына бауырлас қазақ халқының тартуы. Қазақстан атынан мектеп салып беру туралы ұсынысты 2023 жылы наурыз айында түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі айтқан. Міне, бүгін сол ұсыныс жүзеге асып отыр.
Айтулы оқиғаға байланысты Нұрдағыда салтанатты шара өтті. Білім ордасының іргетасын қалау шарасына Қазақстан тарапынан Түркиядағы төтенше және өкілетті елші Еркебұлан Сәпиев пен Газиантеп провинциясының губернаторы Кемал Чебер қатысты. Чебердің сөзінше, бұл – тек мектептің іргетасы емес қазақ пен түрік бауырластығының нышаны.
Кемал Чебер, Газиантеп провинциясының губернаторы:
- Бүгін білім ордасының емес, бауырластықтың іргетасы тағы бір рет қаланды. Осы көшеден 50-100 жылдан кейін жүрген жергілікті тұрғындар бұл мектепті менің бауырым салып берді деп мақтанышпен айтады. Басқа бір елдің жасағанынан мың есе артық. Себебі туысқанымыздың тартуы. Зілзала болған сәттен бастап, қазақ халқы бізбен бірге болды. Осында барын жіберіп, атсалысқандарды білеміз. Қазір де Қазақ үкіметі біздің қасымызда. Қазақ бауырларымыздың бізбен болуы үлкен қуаныш.
Мектеп құрылысын толықтай Қазақстан қаржыландырып, отандық компания салады. Жобаның жалпы құны 6 млрд теңге. Мектептің ауданы 7 мыңнан астам шаршы метр. Екі блоктан құралған оқу ордасында 36 сынып бар. Оның 32-сі бастауыш, 4-еуі мектепке дейінгі білім беру сыныбы. 3 және 4 қабаттық мектепте дене шынықтыру залы, амфитеатр, асхана бар. Сондай-ақ бейнелеу-өнер сыныптары, музыка сыныптары және ғылыми зертханалар қамтылған. Тіпті мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімділік пен арнайы сыныптар қарастырылған. Бұдан бөлек, мектеп ғимаратының жанында Қазақстанның мәдени символы ретінде киіз үй бейнесіндегі балаларға арналған шеберханалар бой көтермек.
Эрденер Гүнтуған, құрылыс жобасының директоры:
- Мектеп жобасын Түркия тарапы жасаған. Қаржыландыру және құрылысты жүргізу түгел Қазақстан тарапынан. Мектеп 9 баллдық жер сілкінісіне төтеп беру мүмкіндігіне ие. Фундаментінің өзі 6 метр тереңдікте жатыр. Алдын ала мектеп орнында зерттеу жүргізілді. Барлық құрылыс материалдары ықтимал зілзалаға арналған. Соның ішінде темір қалыңдығы, бетон мен басқа да материалдар арнайы таңдалған.
Мектептің салынуы жөнінде хабарды естіген жергілікті тұрғындар дән риза. Өйткені тап қазір қалаға ең қажеттісі үздіксіз білімнің жалғасуы.
Ердал Кылынч, Нұрдағы Білім бөлімі басқармасы басшысы
- Алдымен Қазақстан президенті мен халқына алғыс айтамыз. Нұрдағыда жер сілкінісінде 16 мектебіміз қирады. Үкіметіміздің және бауырлас мемлекеттердің қолдауымен білім беруді бұрынғыдан да жақсы жағдайға келтірдік. Бүгін іртетасы қаланған мектеп солардың ішінде ең үздігі. Мектептің техникалық инфрақұрылымы толық жабдықталған. Ғимарат ғана емес, ішінде барлық жағдай алдын ала жоспарланған заманауи білім ордасы болмақ. Бұл да қазақ халқының мейрімділігінің дәлелі.
Дилек Наз Акчадағ, жергілікті тұрғын:
- Қазір бізге ең қажеттісі мектеп. Бауырларым контейнер сыныптарда оқып жүр. Қауіпсіздік те маңызды. Жергілікті тұрғын ретінде қуаныштымыз. Қазақстанға алғысымыз шексіз.
Ахмет Жейлан, экскаватор операторы:
- Құрылыс саласында жұмыс істеймін. Қалада бірінші кезекте ауруханалар салдық. Енді мектеп құрылысын бастадық. Экскаватор операторы ретінде мұндағы сапаның жоғары екенін айта аламын. Екі кішкентай қыздарым бар. Осында оқуын қалаймын.
Қазақстандық құтқарушылар тер төккен жерде мектептің бой көтеруі бекер емес.
Болашақта осы білім ордасынан ұшқан түлектер қазақ- түрік қатынасын тереңдетуге ықпал етері сөзсіз. Айта кеткен жөн, мектеп 2026 жылдың 15 қаңтарында алғашқы шәкірттерін қабылдайды.