Елордада гендерлік даму мәселесі талқыланды
Елімізде 10 миллионнан астам әйел бар. Яғни, Қазақстан халқының тең жарымын құрайды. Алайда гендерлік даму саласындағы мәселе жетерлік. Бүгін бірсыпырасы Сенат жанындағы Сарапшылар клубының отырысында талқыланды. Атап айтқанда, әйелдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау және әлеуетін толық іске асыруға қажетті жағдай жасау мәселесі талқыланды.
Мәселен, ауылдық жерлердегі әйелдердің экономикалық белсенділігі де әлі төмен. Сондай-ақ алимент төлеуге қатысты айтарлықтай проблемалар бар. Салдарынан жүздеген мың бала қаржылық қолдауды ала алмай отыр. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осы мәселелерді қамтитын тиісті заң жобасы қолға алынғанын атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысының бастамасымен Әйелдердің құқықтарын және балалардың қауіпсіздігін қорғау туралы заң қабылданғанын еске салды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Әйелдердің экономикалық және саяси өмірге белсенді қатысуына кедергі келтіретін негізгі себептердің бірі олардың қоғамдағы рөлі туралы қалыптасқан дәстүрлі идеялар мен стереотиптер болып отыр. Осы мәселе туралы байыпты ойланып, мұндай таптаурын қағиданы өзгерту үшін барлық деңгейде белсенді жұмыс жүргізу қажет. Осындай стереотиптермен, әсіресе әйелдерге қатысты қасаң ойлармен өмір сүре беретін болсақ, біз әлемдік тенденциялардан қалып қана қоймай, өзіміздің дамуымызға кедергі келтіреміз.