«XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының облыстық кезеңі өтті
Жезқазғанда «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының облыстық кезеңі өтті.
Жоғары интелектуалды қабілеті бар оқушыларды қолдауды мақсат еткен байқауда 34 талапкер білім бәйгесіне түсті. Ең жоғары нәтиже көрсеткен 5 оқушы республикалық кезеңге жолдама жеңіп алды.
«XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойыны – интелектуал оқушылар арасында ерекше танымал жоба. Жалпы облыс болып құрылғалы ұлытаулық оқушылар бұл сынға алғаш рет қатысып отыр. Сондықтан мектепішілік алғашқы іріктеу турына қатысуға тілек білдірген барлық оқушыға бірдей мүмкіндік берілді. Қалалық іріктеуде жүзден жүйрік шыққан 34 үміткер облыстық кезеңде бақ сынады.
Руслан Төлен, «Ұлытау дарыны» орталығының директоры:
- Бұл білім қуған, білім сайысы арқылы жаңа жетістіктерге жетем, өзімнің білімімді сарапқа салып, білім деңгейімді көргім келеді деген кез келген оқушыға мүмкіндік берді. Сондықтан да сайысқа қатысқан оқушыларымыз өзінің білім-парасатын бағамдай алды деген ойдамын.
Сайысқа қатысушылар 1 сағат 15 минут ішінде тест түріндегі 60 сұраққа жауап берді. Тест тапсырмалары мектеп бағдарламасына сәйкес жасалған. Сондай-ақ оқушылардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында экономика саласына қатысты сауалдар да болды.
Расул Біргебаев, оқушы
- Қатты қиын болған жоқ. Себебі, көп салада сұрақтарды білдім. Әсіресе матиматикадан оңай болды. Негізі маған қиындық тудырған сұрақтар ол спорт жағынан. +тағы тарихтан келді сұрақтар. Тарихтан оңай болды.
Облыстық кезеңде Жаңаарқа ауданынан 7 оқушы бақ сынады. Олардың барлығы республикалық пән олимпиадаларында үздік атанып жүрген шәкірттер. Болашақ ағылшын тілі пәні мұғалімі болуды армандайтын Жансерік Жарылқасын сынақ барысында тілге қатысты сұрақтар аса қиындық тудырған жоқ дейді.
Жансерік Жарылқасын, оқушы:
- Республикалық байқау болған осал оқушы қатыспайды. Бәсеке жоғары болары түсінікті. Сондықтан алғашында аздап толқыған сәттерім де болды. Сауалдар жан-жақты екен. Келесі кезеңге өтпей қалмас да өкініш жоқ. Себебі, біраз тәжірибе жинадым.
Сайыстың ашық әрі әділ өтуін арнайы комиссия бақылады. Іріктеуге қатысқан 34 оқушының ішінен ең жоғары нәтиже көрсеткен 5 талапкер республикалық кезеңге жолдама алды. Оның үшеуі Сәтбаев қаласының оқушылары, қалған екеуі Жезқазған қаласы мен Жаңаарқа ауданынан. Олар енді Оқу-ағарту министрлігі мен «Хабар» Агенттігі ұйымдастырған «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының ақтық кезеңінде облыс намысын қорғайтын болады.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев