Қазақстанда жыл соңына дейін 104 жайлы мектеп пайдалануға беріледі

Елде жыл соңына дейін 104 жайлы мектеп пайдалануға беріледі.

Заманауи технологиялармен жабдықталған, жоғары стандарттарға сай білім ордаларының алғашқы легінде қазірдің өзінде оқушылар оқып жатыр. Ұлттық жоба аясында барлығы 217 жайлы мектеп салынады. Ғимараттар әр өңірдің климаттық ерекшелігіне бейім, тіпті жер сілкінісіне төтеп бере алады.

Бекзат Аманов, тілші:

-Қазақстанда әр сағат сайын орта есеппен 51 бала дүниеге келеді. Бұл 2 сынып оқушысы. Яғни әр 60 минут сайын мектеп нысандарындағы жүктеме екі сыныпқа ұлғаяды деген сөз. Иә, туу деңгейі жоғары және көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді. Бұл қуантарлық жағдай. Бірақ соңғы уақытта мектеп тапшылығы мәселесі күрделеніп келеді. Билік мәселені шешу үшін жайлы мектеп жобасын жүзеге асыруды бастаған. Бірінші кезең аяқталды. Жайлы мектептердің алғашқы легінде балалар оқып жатыр. Ең қызығы, бұл жоба мектеп тапшылығы мәселесін ғана шешіп қойған жоқ. Білім беру сапасын да біршама арттырды.

Бекзат Аманов, тілші:

- Бұл ғимаратқа сырттан бөтен адам кіре алмайды. Оқушылардың да, мұғалімдердің де Фэйс айди арқылы түр әлпетін толықтай тексеріледі. Әрине бұл, ең алдымен, қауіпсіздік үшін керек. Сондай-ақ оқушылардың сабаққа қатысқаны немесе қатыспағанын анықтауға мүмкіндік береді. Міне байқағандарыңыздай фэйс айди менің түрімді танымады. Тиісінше бұл ғимаратқа рұқсатсыз кіре алмаймын.

Жайлы мектептерді жобалау барысында Лондон мектептерінің архитектурасы ескерілген. Яғни ТМД мемлекеттерінде кездеспейтін еуропалық стильдегі білім ордалары бой көтеріліп жатыр. Ұлттық жоба аясында дәл осындай 50 мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 54 оқу ошағы ашылады. Ең бастысы - барлығы бір сапада салынады.

Ғабит Малғаздаров, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

- Осы 208 мектептің 40 пайызы ауылдық жерде салынады. Ол 82 мектеп. Ешқандай айырмашылығы жоқ. Тура осындай мектептер. Сырты жасыл, ақ, сарыға боялған. Ішіндегі жабдықтау, компьютер бәрі бірдей. Айырмашылығы жоқ. 

Ілкімді істің игілігі сезіле бастады. Астанадағы №101 орта мектеп биыл қыркүйекте ашылған. Мұнда 4 мыңнан аса бала оқиды. Ең қызығы, ғимаратта кіші сынып пен жоғары сыныптағы балалар бір-бірімен кездеспейді. Осылайша, буллинг болмайды, оқушылар емін-еркін сабағына қатыса алады.

Мұрат Құрманғожин, заңгер:

- Біздің мектепте 191 камера тұр. Сосын экстренный случай болса, экстренный кнопка бар. Соны басамыз, полиция звондап, не жағдай болғанын сұрайды. (Автоматты түрде?) иә.

Оқу ошағында 40-тан аса кабинет бар. Гуманитарлық және техникалық бағыттар әр блокқа бөлінген. Сынып ішіне жылжымалы парталар орнатып, тек заманауи технологиямен жабдықтаған.

Бекзат Аманов, тілші:

- Бұл ғимарттың құрылысында толықтай отандық өнімдер пайдаланылды. Жайлы мектепті жабдықтау кезінде де қазақстандық кәсіпкерлердің тауарларына басымдық беріледі. Яғни, мына тұрған орындық, парта, тақта, шкаф, инженерлік инфрақұрылымдар, тіпті ауа өткізгіш құрылғы да өзімізде өндірілген.

Оқушылар бос уақытында арнайы үйірмелерге бара алады. Жастардың шығармашылық дағдыларын дамыту, цифрлық технологияларды зерттеу, жасанды интеллектіні қолдану бағыты қолға алынған. Тіпті балалар өз қолымен роботтар жасап шығуда. Мәселен, мына протипты 5 күннің ішінде жасап шыққан. Жылжымалы құрылғыны әрі қарай ойын құралына айналдыруды жоспарлап отыр.

Сабина Сағымбек, оқушы:

- Қазір... (Енді мұны әрі қарай қалай дамытқыларыңыз келеді?) Бұл шақырымдық жерде жұмыс істей береді. Келесі мақсат – роботты үлкейтіп, лифт қосқымыз келеді. Себебі, үлкен баскеттер қойылады. Төртбұрышты затты сол баскеттің ішіне салуымыз керек.

ЗКТ: Жайлы мектепте 4 спорт залы бар. Соның арқасында үйірмелер көп әрі балалардың кәсіби спортқа баруына мүмкіндік мол. Жаттығу алаңы сапалы болғандықтан мұнда жарыстар жиі өткізіледі.

Әлібек Тортаев, №101 орта мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі:

- Мұндағы асхана еуропа мектептерінің стилінде салынған. Кіші сынып пен жоғары сынып мұнда да кездеспейді. Әр сыныпқа арнайы бекітілген орындықтар бар. Заманауи технология арқылы оқушылардың қандай тамақ тұтынғаны сараланып отырады. Мәзір құнарлы тағамға бай.

Жанар Өтепбергенова, аспаз:

- Азанғы 8-ден 10-ға дейін сүт ботқасын береміз. Оған қоса алма, сыр, ірімшік бар. Түстен кейін ет береміз. Әр бала келген кезде балалардың бет әлпеті фейске түсіріледі де балалардың реттік саны шығады.

Оқу ордасында өнер де назардан тыс қалмады. Ән-биге икемі бар балалар түрлі аспаппен шеберлігін шыңдай алады.

Мұнда құрылғы көбірек. Мен бұрын оқыған мектепте мұндай мүмкіндік болған жоқ. Аспаптардың түр-түрі бар. Синтезатор, фортепиано, домбыра, гитара бар. Қабілетіңді шыңдауға өте үлкен мүмкіндіктер бар.

Архитектурасы әсем, қауіпсіздігі қатаң, оқуға жайлы мектеп қаржылық тұрғыдан да тиімті болып шықты. Құрылыс компаниялары әдепкіде үлкен қаржы сұраған. Алайда мамандардың тыңғылықты тексерісінен кейін мемлекет 105 млрд теңге үнемдей алды.

Ғабит Малғаздаров, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

- Метрді км қылып жіберген. Килограмын тонна қылып жіберген. Әрине бағасын өсіп кетеді ғой. Соның бәрін көрмейді деп ойлаған ғой. Бірақ бәрін қарап, тексергеннен кейін бағасын түсірдік.

Иә, ғимарат жаңа, инфрақұрылым мен жабдықтар сапалы. Ал оны күтіп ұстау кімнің мойнында? Бұл да маңызды мәселе. Берілген игілікті бұзбай ұстауға білім ордасының әкімшілігі жауап береді. Олардың айтуынша, бұған қосымша қаржы қаралмаған. Бірақ оқушыларды тәрбиелеу арқылы техникаларды дін-аман сақтап отыр.

Сәуле Қабажаева, №101 орта мектеп директорының орынбасары:

- Әр ортадан келген баланы мектепке бейімдеу үлкен қиындық туғызды. Сол үшін мектеп командасымен бірлесіп, біртұтас тәрбие аясында бірнеше жоспар құрылды. Бірін бірі оқыту арқылы, бірін бірі тәрбиелеу арқылы біз осындай әсем қалыпта берілген ғимаратты таза ұстауға өзіміздің басты назарымызға алып отырмыз.

Алдағы уақытта барлығы 217 жайлы мектеп салынады. "Самұрық-Қазына" ғимарат жобасын тегін ұсынуға дайын. Демек, мектеп салуға ниетті азаматтар дайын жобамен құрылыс бастап кете алады. Бұл қаржы үнемдеуге және сапалы оқу ошақтарын көбейтуге мүмкіндік береді.

Бекзат Аманов, Жандос Битабаров