БҚО-да алғашқы жайлы мектеп ашылды
Батыс Қазақстан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған алғашқы мектеп ашылды. Орал қаласына қарасты Деркөл шағынауданында бой көтерген білім ордасы 1500 шәкіртке шақталған. Мектепте жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруге барлық мүмкіндік бар.
Деркөл шағынауданында 30 мыңдай тұрғын бар. Тек соңғы 4 жылда халық саны 10 мыңға өскен. Биыл да су тасқынынан зардап шеккен жүздеген отбасы аталған ауданға қоныстанды. Нәтижесінде онсыз да орын жетпей жатқан мектептер лық толды. Жайлы мектеп жобасы бойынша салынған жаңа мектеп осы күрделі мәселенің түйінін тарқатпақ.
Жақсығали Жұмабай, №51 мектеп директоры:
- Қазіргі таңда №49 мектептен 1300 оқушы келейін деп жатыр. 100 мұғалімімен. Мектепте 78 кабинет бар. 21-і бастауыш сыныптарға арналған. 18 арнайы кабинет бар. Физика, химия, биология, STEM, робототехника кабинеттері бар.
Фатима Батыр, оқушы:
- Іші кең. Өте керемет жабдықталған. Неше түрлі робототехника, 3Д құрылғылар бар. Музыкалық аспаптар өте көп. Ішінде үйірме өте көп. Маған сонысымен ұнайды. Осындай барлық жағдай жасалғандықтан, біздің жақсы оқымауымыз қате сияқты.
Батыс Қазақстан облысында соңғы 2 жылда жаңадан 22 орта мектеп бой көтерді. Олар негізінен шағын жинақты білім ордалары. Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бүгін алғашқы нысан тапсырылды. Салтанатты шараға қатысқан өңір басшысы елдің дамуы білім сапасына байланысты екенін атап өтті.
Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың маңызды факторы. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс», – деп атап айтқан болатын.
Облыс әкімі өз сөзінде келер жылы «Жайлы мектеп» жобасы аясында 6 білім ордасының құрылысы жалғасатынын жеткізді. Және КПО компаниясы есебінен 8 ауылда жаңа мектеп салынбақ.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов.