Елордада тегін үйірмелер саны артып келеді

Бүгінде Астанада мектептен тыс қосымша білім беретін 11 мекеме жұмыс істейді. Солардың бірі – Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицейіндегі каратэ үйірмесі. Мұнда әр бейсенбі сайын оқушылар тегін қатыса алады. Бір қызығы үйірмені 9-сынып оқушысы жүргізеді. Бекдияр Құдайберген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында кіші сыныптарда білім алатын өрендерге өз білген-түйгенін үйретіп жүр.

Бұл жас жаттықтырушы Бекдияр Құдайберген. Өзі Астана қаласындағы Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицейінде 9-сыныпта оқиды. Білім мен спортты қатар ұштастырып жүрген өреннің бүгінде жеткен жетістігі аз емес.

Бекдияр Құдайберген, оқушы:

- Қазіргі таңда спорт саласында жеткен жетістіктерім айтарлықтай. ҚР 6 дүркін чемпионы, 2 дүркін Азия чемпионы, сондай-ақ әлем чемпионатына қатысуды жоспарлап отырмын. Мен жақында ғана каратэден спорт шебері атағына ие болдым және дзюдодан спорт шеберіне үміткермін.

Жас та болса, ел намысын халықаралық жарыстарда абыроймен қорғап жүрген Бекдияр өзінің жинаған тәжірибесімен бөлісуге бел буған.

Қазір Бекдияр өзінен кіші сыныптарда білім алатын оқушыларды жаттықтырып жүр. Бұл үйірме әр бейсенбі сайын жұмыс істейді. Басты мақсат – шәкірттердің салауатты өмір-салтын сақтауына, бос уақытын тиімді пайдалануына жағдай жасау.

Бекдияр Құдайберген, оқушы:

- Мен жинаған білімімді мектепте өтіп жатқан «Біртұтас» бағдарламасы аясында волонтерлік жоба арқылы 4-5 сынып оқушыларына тегін үйірме өткізіп жатырмын.

Айта кету керек, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы алғаш рет 2023-2024 оқу жылында елдегі барлық білім беру ұйымдарында енгізілген болатын. Мектептерде 2 млн-нан астам оқушының қатысуымен түрлі бағытта 22 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды.Тағы «Жас сарбаз», «Жас волонтер», «Жас эколог» секілді балалар мен жасөспірімдер қозғалысына 2,5 млн жасөспірім тартылған.

Авторы: Риат Шони.