Қазақстанда кремний-көміртекті нанокомпозит өндірудің бірегей технологиясы әзірленді

Қазақстанда кремний-көміртекті композициялық материалдарды өндірудің бірегей технологиясы жасалды. Оның ерекшелігі, күріш қауызы өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығына қажетті күрделі заттарды алу үшін бастапқы шикізат ретінде қолданылады. Технологияны әзірлеумен техника ғылымдарының докторы, профессор Юрий Сухарников бастаған мамандар жұмыс істеді. Жоба белгілі қазақстандық ғалым, академик, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының екі мәрте лауреаты Әбдірәсіл Жәрменов басқаратын «Минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу ұлттық орталығында» жүзеге асырылды.

Қазақстанда күріш қауызынан кремний-көміртекті нанокомпозит өндірудің бірінші кезеңі іске қосылды. Жобаға Ғылым қоры қолдау көрсетті. Профессор Сухарников бұл технологияны әзірлеуге 40 жылдан астам уақытын жұмсапты. Оның жетекшілігімен кремний-көміртекті композиттер зертханасы күріш қауызын өңдейтін тәжірибелік құрылғы жасады. Технологияның ғылыми негізі профессор, Орталықтың бас ғылыми хатшысы Светлана Ефремованың докторлық диссертациясына арқау болды. Ғылым қоры қазақстандық ғалымдар жетекшілік еткен жобаның нәтижелерін коммерцияландыру туралы шешім шығарып, өндірісті құруға мүмкіндік туды. Күріш қауызы күріш салмағының  20%-не тең. Шикізаттың ең маңызды элементтері – көміртегі және кремний. Осы артықшылықты пайдалана отырып, қазақстандық мамандар оны өңдеу әдісін әзірледі. Әртүрлі салада қолдануға болатын кремний-көміртекті нанокомпозит резеңке бұйымдарын, кремнийді, ферроқорытпаларды, асыл және сирек металдарды өндіруде пайдаланылады.

Сондай-ақ өнім ауыл шаруашылығында құстар мен жануарларға жемазық қоспасы ретінде де қолданылады. Отандық өндіріс жылына 1500 тонна кремний-көміртекті өнім шығаруға мүмкіндік береді. Қазақстанның мұндай материалдарға қажеттілігі шамамен 20 мың тонна. Алдағы уақытта Қызылорда облысындағы күріш өндірісінің қалдықтарын шикізат ретінде пайдалану жоспарланып отыр. Мамандардың есептеуінше, оның мөлшері жергілікті нарықтың кремний-көміртекті материалдарға деген сұранысын қанағаттандыруға жеткілікті. Өндірістің іске қосылуына Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев, Ғылым қоры басқарма төрағасының орынбасары Сұлтанбек Аймақов және шетелдік қонақтар қатысты.

Авторы: Гүлжан Көленқызы.