Алматыда бірыңғай уақыт белдеуі ғылыми тұрғыдан талқыланды
Алматыда бірыңғай уақыт белдеуінің ғылыми аспектілері талқыланды.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бастаған жиынға Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, медицина және психология саласының ғалымдары қатысты. Олар қазіргі уақыт белдеуінің ел үшін тиімді екеніне дәлелдер келтірді. Ғалымдардың айтуынша Қазақстан аумағының 80 пайыздан астамы UTC+5 белдеуіне сай келеді. Сонымен қатар бізде уақыт белдеуі ауысқан жоқ, тек тарихи қалпына келтірілді, дейді жиынға қатысушылар. Себебі өткен 100 жылдан бері елде сағат тілі бірнеше рет жылжыған. Бұл негізсіз өзгерістер халықтың денсаулығына, психологиясына кері әсер етіп келген. Ал уақыт белдеуінің бірдей болуы елдегі әкімшілік, экономикалық және географиялық тұрғыдан да тиімді екені айтылды. Жиын барысында ғылыми дәлелдемелер жинақталып, резалюция жасалады.
Роза Қарағұлова, География және су қауіпсіздігі институтының зертхана жетекшісі:
- Уақыттық белдеудің осылай меридиандар бойынша бөлінуі бұл тек ғана теңіздерде ашық мұхиттарда ғана түзу сызықтың бойымен жүреді. Ал барлық материктегі мемлекеттерде ол әкімшілік шекаралармен жүреді. Яғни белгілі бір мемлекеттің шекарасы бойынша немесе облыстардың шекарасы бойынша сол мемлекеттің құзыретті органдары, яғни Үкімет соны қабылдайды өздеріне ыңғайлы сағаттық белдеуді.