Қазақстандық судьялар мен адвокаттар Британияда біліктілігін арттырды

Бір топ қазақстандық заңгер Лондонға барып, біліктілігін арттырды, деп хабарлайды 24KZ. Жергілікті заң органдарының жұмысымен танысып, мамандардың дәрістерін тыңдады.

Бұл Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған судья, адвокат және нотариустарды арнайы сертификатпен марапаттау рәсімінен көрініс. Араларында жеке заң компанияларының өкілдері де бар. Үзбей білімін жетілдіріп отыратын мамандар жұмыстары мен жеке шаруаларын уақытша ысырып қойып, Лондонда англо-саксон заңдарының негіздерін меңгерді. Отандық заңнамаға ағылшын әділет жүйесінің жетістіктерін енгізудің жолдарын іздеді.

Әсел Өтепова, Алматы қаласы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

- Біздің топ құрамында 22 адам бар. Біз 1 аптаға келдік. Осы 1 аптаның ішінде өте сондай тығыз, өте жемісті оқулар болды. Дәрістер оқылды. Мастер-класс, тренингтер бізге өткізді.

Айдар Аралбаев, заң фирмасының аға заңгері:

- Бізге Ұлыбританияның жоғарғы сотында және парламентінде болу мүмкіндігі бұйырды. Дарэм университетінің жетекші лекторлары мен профессорларының сабақтарын тыңдадық. Сондай-ақ тәжірибелі заңгер Реза Чаутхуридың курстарына қатыстық.

Оқытушылар – әйгілі заң компанияларының қызметкерлері және серіктестері. Тіс қаққан заңгерлер мен адвокаттар азаматтық, қылмыстық және әкімшілік заңдар бойынша дәрістер оқыды. Отандастарымыз білім алып қана қоймай, теория мен тәжірибені ұштастырған мамандармен іскерлік байланыстар онатты. 

Реза Чаутхури, Англия мен Уэльс заңгері:

- Тәжірибесі мол заңгерлерді қабылдау – біз үшін үлкен мәртебе және зор қуаныш. Білімімізбен бірінші рет бөлісіп жатқанымыз жоқ. Бұған дейін де қазақстандықтар 3-4 рет келіп, дәрістерімізді тыңдаған және олардың саны жыл санап артып келеді.

Еліміздің заңнамасы даму үдерісін бастан кешіп жатыр. Бірнеше ғасырлық тарихы бар ағылшын заңнамасымен салыстырғанда өте жас. Біліктілігін арттырған отандық мамандар елге оралған соң Қазақстанның заң жүйесін жетілдіруге үлес қосуды жоспарлап отыр.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы.