2024 жылы 500 әскери қызметші шетелге оқуға жіберілді
Биыл 500-ден астам әскери қызметші шетелдік әскери жоғары оқу орындары мен оқу орталықтарына оқуға жіберілді, деп хабарлайды 24KZ. Бұл Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің әскерилерді даярлау туралы келісімі аясында іске асты. Сондай-ақ екіжақты халықаралық шарттар шеңберінде шет мемлекеттердің жоғары оқу орындарына 390 әскери қызметші оқуға жіберілді.
2024 жылы Қазақстанда әскери оқу орындарын жаңғырту жалғасып, Қарулы Күштерге арналған кадр даярлығын жақсартуға мүмкіндік берді. Әскери мамандарды даярлаудың оқу жоспарлары мен бағдарламалары қайта қаралды. Мысалы, радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтындағы оқу қарқыны үдеп, 5 жылдан 4 жылға дейін қысқарды.
Амангелді Төгісов, ҚР ҚМ Әскери білім және ғылым департаменті бастығының орынбасары:
- Курсанттардың әскери практикадан өту уақыты ұзартылды. Ұлттық Қорғаныс университетінде жұмылдыру дайындығы факультеті ашылып, онда жоғары білікті мұғалімдер, түрлі мемлекеттік органдар мамандарын дайындап жатыр. Құрлық әскерлерінің әскери институтында бітіруші курсанттарға көшбасшылық қасиеттерді дамытуға, нұсқаушы-әдістемелік дағдыларды жетілдіруге, болашақ офицерлердің кәсіби шеберлігі мен физикалық деңгейін арттыруға бағытталған «Сардар» курсы енгізілді.