Қ.Тоқаев: 2024 жылы ел келешегіне әсер ететін маңызды шешім қабылданды

Өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін ауқымды жұмыс атқарылып жатыр.

Ұлттық қордағы қаржының бір бөлігі балалардың есеп-шотына түсті. Жүзден астам жаңа мектеп ашылды. Көптеген әлеуметтік нысан салынды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылды қорытындылай келе Қазақстан халқын жаңа жылмен құттықтауында айтты. Бұдан бөлек Парламент депутаттары қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша заңдар қабылдады. Сондай-ақ 2024 жылы еліміздің келешегіне айрықша әсер ететін өте маңызды шешім қабылданды. «Атом электр станциясына қатысты референдум өткіздік. Көпшілік бұл бастамаға қолдау білдірді», деді мемлекет басшысы. Қазақстанның әлемдік аренадағы абыройы арта түсті. Астанада беделді халықаралық ұйымдардың маңызды саммиттері өтті. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына мыңдаған спортшылар мен меймандар келді. Байрақты бәсекені табысты ұйымдастырып, төл өркениетімізді жер жүзіне таныттық.