Түркістан облысының білім саласында ₸12 млрд жымқырылғаны анықталды

Түркістан облысының 8 ауданында білім бөлімінің қызметкерлері 12 млрд теңге көлемінде қаржы жымқырды, деп хабарлайды 24kz.

Облыстық прокуратура мен экономикалық тергеп-тексеру департаменті аса ірі көлемде қаржы ұрлаған 165 адамға қатысты тергеуді аяқтап, қылмыстық істерді сотқа өткізді. Қазір 6 ауданның білім саласы қызметкерлеріне қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Сауран ауданы бойынша алғашқы үкім шықты.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Түркістан қалалық соты Сауран ауданы білім бөлімінің бұрынғы басшысы мен есепшісін жеті жылға бас бостандығынан айырды. Тағы екі есепші жеті жылдан шартты жаза арқалады. Оларға білім беруге бөлінген 29 млн теңгені жымқырды деген айып тағылып, сот барысында кінәлары дәлелденді.

Жетісай мен Шардара ауданының білім бөлімі қызметкерлеріне қатысты іс облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралуда. Өйткені қылмыс санатының ауырлығы мен айыпталушылар санының көптігіне байланысты сот алқа билердің қатысуымен өтіп жатыр. Мәселен Жетісай ауданы бойынша айыпталушылар саны 46 адам болғандықтан, сот отырысы спортзалға ауыстырылды. Тергеу барысында бұл ауданда 4 млрд теңгеден аса қаржы ұрланғаны анықталды.

Нұрғали Бейімбетов, Түркістан облыстық прокуратурасы басқарма бастығының орынбасары:

- Білім саласындағы жымқыру фактілеріне негізінен сол білім бөлімдерінің басшылары, бас есепшілері, есепшілер және де экономистер кейбір істер бойынша жауапкершілікке тартылған. Жалпы осы 8 іс бойынша 140-тан астам адам күдікті ретінде танылды. Бәйдібек қазір танысу сатысында, қалған 7 іс сотқа жолданды.

Шардара ауданы бойынша қылмыстық іс 730 томнан асты. 14 адам айыпталушы. Ал Мақтаарал ауданында 44 адамға айып тағылса, Келес ауданында 24, Сарыағаш пен Созақ аудандарында 15 адамнан жауап алынуда. Құзырлы орган өкілдері барлық қылмыстардың бірдей негізде жасалғанын айтады.

Олжас Мүсілім, Түркістан облысы бойынша ЭТД басқарма басшысының орынбасары:

- Сол мектеп саласында бухгалтер болып қызмет атқарып жүріп жұмыс істейтін мұғалімдердің тұсына өздерінің таныстарын, жора-жолдас, әке-шешесі, бауырларының ЖСН мен карточкалық шотын жазу арқылы ақшаны аударып отырған. Соны өздері қолма-қол шешіп отырған. Бұл ақшалар үнемделген ақшалардан ұрланған қаржы болып табылады.

Қазіргі таңда айыпталушыларға күзетпен ұстау және үй қамаққа алу шарасы қолданылған. Жеңіл ақшамен алынған дүние мүліктеріне тыйым салынып, мемлекеттің қаражаты ішінара қайтарылуда.

Ақбұлан Салыбекұлы, Түркістан облыстық прокуратурасының басқарма бастығы:

- Мемлекет қаржысын жымқыру 2020-2023 жыл аралығында орын алған. 12 млрд теңгеге жуық қаражат жымқырылғаны анықталды. Тергеу барысында жалпы 1,4 млрд теңгесі мемлекетке қайтарылды. Күдіктілерге тиесілі 2,6 млрд теңгенің мүлікке тыйым салынды.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Бәйдібек ауданында 18 күдіктіге қатысты қылмыстық іс аяқталып, сотқа өткізілмек. Қазір күдіктілер айыптау актісімен танысып жатыр. Барлық айыпталушыға тағылған бап бойынша қылмыстары дәлелденсе, жеті жылдан 12 жылға дейін сотталуы мүмкін.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш