Ауыл шаруашылығы саласына 3,5 мың маман қажет

Қазір елдің агроөнеркәсіптік кешенінде 1 млн-нан астам адам еңбек етеді, деп хабарлайды 24KZ. Олардың жартысынан көбі – жұмысшы мамандар. Өңірлерде тракторшы, механизатор, агроном, бағбан және мал мен өсімдік шаруашылығына сұраныс бар. Алдағы уақытта қажеттілік одан сайын артады. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров биыл салада ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асатынын айтады. «Сондықтан 3,5 мыңға жуық маман қажет», – дейді. Жауапты ведомстволар кадр мәселесін қалай шешеді?

Cәкен Сейфуллин атындағы агротехникалық университет – ауыл шаруашылығына қажетті білікті кадр даярлайтын санаулы оқу орындарының бірі. «Мұнда оқуға талпынған талапкерлер саны жыл санап артып келеді», – дейді университет басшысы. Бұған сандар дәлел. Мәселен, былтырғы оқу жылында 3,5 мыңнан астам студент қабылданса, биыл 5 мыңға жетті. Білімгерлердің қызығушылығының артуына әлемнің озық оқу орындарымен тәжірибе алмасу, дуалды оқыту, заманға сай мамандықтардың ашылуы әсер етіп отыр.

Қанат Тіреуов, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің ректоры:

- Олар келген кезде тек қана білім емес, ғылымды да, өндірісті де ұштастырады. Университетте оқып жатқан балаларымыз Қазақстандағы үздік ең ірі 200 шаруашылықта ғана емес, шетелге де барып өндірістен өтіп жатыр. Былтыр 60-қа жуық студент Германияның шаруашылықтарында 4 айдан 6 айға дейін өндірістік практикадан өтіп қайтқан болатын. Сертификаттарын да алып жатыр.

Ауыл шаруашылығы саласының мамандары жаңаша даярланады. Елде машинамен сауу, дрондарды басқару, астық өңдеу операторлары секілді заманауи мамандықтарды оқыту қажет. Ол үшін биыл 9 кәсіби стандарт әзірленіп, білім беру бағдарламалары жаңартылады. Сосын барлық облыста студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуі үшін кәсіпорындармен шарттар жасалады. Ауыл шаруашылығы министрі: «Мұның бәрі жұмысшы мамандықтарына қызығушылықты арттыруға мүмкіндік береді», – деді.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Кадрларды даярлау мақсатында 63 аграрлық колледж жұмыс істейді, онда 12,5 мың адам жұмыс істейді, оның 70% мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алып отыр. Қазіргі уақытта біз бейінді ведомствомен бірлесіп, колледждерде дуалды білім беруді дамыту бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Барлық облыстарда өндірістік практиканы ұйымдастыру және жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша ауыл шаруашылығы өндірушілерімен ниет шарттары жасалады.

Қазір елде ауыл шаруашылығы саласына маманданған үш арнайы жоғары оқу орны бар. Тағы 7 білім ордасында салалық факультеттер ашылған. Сонымен қатар 21 университет жекелеген білім бағдарламалары бойынша салаға қажетті кадрларды оқытып жатыр.