Ғалымдар жолдың сапасын арттыратын материал жасап шығарды

Ақтаулық ғалымдар жол сапасын арттыратын материал жасап шығарды, деп хабарлайды 24KZ. Олар жол битумына ұнтақталған резеңке қосу арқылы коррозияға қарсы қорғаныш қабілетін күшейтуді жоспарлаған. Зертханалық жұмыстар 2027 жылға дейін тәжірибе түрінде жалғасады. Инновациялық жоба аясында өңірлердің бірінде 100 метр жол төселеді. «Жаңа материалдың ұзақ уақыт бүлінбейтіні дәлелденсе, елімізде жалпы қолданысқа енуі мүмкін», – дейді.

Құрамында шетелдік сарапшы бар бірлескен жұмыс тобы Маңғыстауда өндірілетін жол битумының сапасын арттыру жолында 2 жылдан бері жұмыс істеп келеді. «Жоба жол материалының күшті аяз бен аптап ыстықта мерзімінен бұрын бүлінбеуін көздейді. Ал табиғатқа пайдалы тұсы, қоқысқа тасталған көлік дөңгелектерін қайта кәдеге жаратуға сеп», – дейді мамандар.

Ақкенже Бусурманова, бірлескен жұмыс тобының өкілі:

- Бірнеше мәселені шешеміз. Біріншіден, жолдың сапасын арттырамыз. Автомобиль жолдарының. Екіншіден, біздер экологиялық жағынан өте ауқымды проблеманың бірі болған, бұл енді машиналардың шиналары. Сол шиналарды утилизациялаймыз.

Ғалымдар жаңа жобаны патенттеу үшін Ғылым және жоғары білім министрлігіне тиісті құжаттарды жолдаған. Алдағы уақытта жол битумына ұнтақталған пластик қосып, тәжірибеден өткізбекші. Тағы бір жұмыс тобы күн энергиясын қолдану арқылы өңірде ауыз су тапшылығын шешуді қолға алған. 

Дінмұханбет Байымбетов, ғылыми зерттеу институтының қызметкері:

- Оның қолданысы қолайлы, яғни өте қарапайым. Мысалы, бассейнге теңіздің тұзды немесе жерасты суы құйылады. Ол күн энергиясы арқылы ысиды. Температурасы көтерілген кезде булану процесі жүреді. Судың буы әйнекке тиген кезде конденсация процесі пайда болады. Сол арқылы таза суды жинаймыз.

«Жан-жағы әйнекпен жабылатын жабық бассейннің сыйымдылығы әртүрлі. Оны тұрғын үй немесе шаруа қожалығына қойып, күнделікті сұранысқа қарай таза су алуға болады», – дейді жоба авторлары. Жалпы айтсақ, маңғыстаулық ғалымдар қазір 26 жобамен айналысып жатыр. Аймақты дамытуға арналған бастамаларды жүзеге асыруға 6,5 млрд теңге бөлу жоспарланған.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев.