Өндірістегі кәсіби мамандар Ақтөбе колледждерінде сабақ береді

Өндірісте еңбек ететін кәсіби мамандар Ақтөбедегі колледждерде сабақ беріп жүр, деп хабарлайды 24KZ. Білікті жұмысшылар жастарға жиған-терген тәжірибесін үйретеді. Оқу бағдарламасына металлургтаер мен шахтерлер, құрылыс саласы мамандары мен дәнекерлеушілер тартылған.

Ғалымжан Ізімов энергетика саласында 14 жыл еңбек еткен. Кәсіби электромонтер – қазір жергілікті колледждің өндірістік оқыту шебері. Сонымен қатар жеке кәсіпкер ретінде де негізгі мамандығынан қол үзбеді.

Ғалымжан Ізімов, Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің өндірістік оқыту шебері:

- Біздің электр энергетика мамандығы күннен-күнге қарыштап дамып келе жатыр. Бір жыл сіз артта қалып қойсаңыз, көп жаңалықтардан құр қаласыз. Сондықтан оқыту жүйесімен қатар практикалық жұмыстармен айналысамын. Бос уақытымда электр жабдықтарына қызмет көрсетемін. Практикалық білген, үйренген дағдыларымды осы студенттерге көрсетіп отырамын. Олар да қазіргі технологиялардан қалмауы керек деп есептеймін.

Колледжде түрлі өнеркәсіпте жұмыс істейтін 8 маман сабақ береді. Электромонтермен қатар дәнекерлеуші, автомеханик және мұнайшылар да бар. Студенттер: «Теория мен тәжірибені ұштастыра оқытатын ұстаздардан үйренеріміз көп», – дейді. Тіпті шеберлермен бірге өндіріс орындарында еңбек жолын бастауға да мүмкіндік мол.

Рамазан Ерболатов, Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің студенті:

- Ағайымның қасында сол монтаждарға сол қолымды үйрету үшін, өзіме бір жағынан тәжірибе болу үшін қасына шығып жүремін. Тегін емес, әрине, өзімнің жартылай ақшамды алып жүремін. Яғни үйлерде розетка қалай қондырады, щитокты қалай жинайды, автоматтарды қондыру, соларды реттілігімен жинауды, яғни көптеген тәжірибені сырттан жинай аламын.

Өз саласының үздік мамандарын оқыту шебері ретінде педагогикаға тарту білім беру үрдісін оңтайландырып, аз уақыт ішінде білікті кәсіп иесін тәрбиелеп шығаруға мүмкіндік береді. Бұл заман талабы. Сондықтан өңірдегі 40-тан астам колледжде қазір 65 практик маман дәріс беріп жүр. Олардың саны биыл тағы да арттыру көзделген.

Нұргүл Бертілеуова, облыстық білім басқармасы басшысының м.а.:

- Келіссөздер жүргізіліп жатыр. Оның ішінде кез келген маман келмейді. Өзінің саласы бойынша сол жұмыс істеп жүрген саласында үздік нәтижеге жетіп жүрген мамандарды. Колледжге қосымша өндіріс шебері-педагог ретінде, бірақ олар педагог болу үшін алдын ала қысқа мерзімді даярлау курстарынан өтеді.

Бұдан бөлек, биыл өңірдегі екі бірдей колледж жанынан шағын кәсіпорын ашылады. Бұл студенттердің дәріс сағаттарында алған білімін іс жүзінде тексеруге тамаша мүмкіндік болмақ.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов.