250 мың колледж студенті жұмысшы мамандық түрлерін тегін игеріп жатыр
Тоғызыншы сынып түлектері үшін сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін білім алу мүмкіндігі артты, деп хабарлайды 24KZ. Биыл техникалық және кәсіптік білім беру бойынша 153 мың студентке жағдай жасалады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 10 мың орынға артық. Жалпы қандай мамандық түрлеріне басымдық берілген?
Мемлекеттік тапсырыстың 70%-і техникалық мамандықтарға бөлінбек. Оларға металлургия, тау-кен, геология, машина жасау, көлік, энергетика, IT, құрылыс салалары кіреді. Сол секілді медицина және педагогика мамандықтарына да басымдық берілген.
Ақзира Қасымова, Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаменті директорының орынбасары:
- Мемлекет басшысының тапсырмасына орай 2025 жылы 9-сыныптан кейінгі оқушыларды 100% сұранысқа ие мамандықтармен қамту тапсырмасы берілген болатын. Қазір бұл көрсеткіш 90%-ке жетті. Республикалық бюджеттен биылғы жылы 60 мың орынға қаржы бөлінді және игерілді.
Үкімет техникалық және кәсіптік маман иелері үшін тегін оқу мүмкіндігін жыл сайын ұлғайтуға тырысады. Айталық, мемлекеттік тапсырыс әр жылы жұмысшы мамандықтары үшін 7%, орта буын мамандықтарына 5%-ке артып отырады.
Ақзира Қасымова, Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаменті директорының орынбасары:
- Былтырғы жылы біздің 344 мың бала мемлекеттік тапсырыспен білім алса, биыл 396 мың болып отыр. Бұл келесі жылы 400-дің үстіне шығады. Яғни жыл сайын мемл тапсырыспен оқитын балаларымыздың саны көбейіп келе жатыр.
Қазір елде 772 колледж бар. 447 мемлекеттік және 325 жекеменшік. Мұнда 565 мың студент білім алса, соның 396 мыңы тегін, яғни мемлекеттік тапсырыс негізінде оқиды. Ал биыл маңызды деп танылған жұмысшы мамандықтарды тегін игеріп жатқандар саны 250 мыңға жуықтайды.
Авторлары: Мөлдір Молдағали, Абдулхамит Бөлекбаев.