Атырау облысының колледждерінде жаңа өндірістік шеберханалар ашылады
Атырау облысында жұмысшы мамандықтар жылына орай 9 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылады, деп хабарлайды 24kz.
Қосымша мамандықтар да ашылады. Мысалы Мақат ауданындағы мұнай және газ колледжі токарь ісі мамандығының шеберханасын іске қоспақ. Сонымен қатар өндірістегі мамандарды шақыртып, студенттерге дәріс оқытады.
Әділби Асқар – Мақат мұнай және газ колледжінің 2-курс студенті. Электрмен жабдықтау мамандығының қыр-сырын меңгеріп жүр. Оқу ордасы қажетті құрал-жабдықпен толық қамтылғандықтан студенттер колледж қабырғасында жүріп-ақ практикадан өтеді.
Әділби Асқар, студент:
- Біз осы мамандық бойынша электр тоқтарымен және де электр жарықшамдарын қосуды үйреніп жүрміз. Біз бүгінгі күні артта тұрған бесінші кабинада жұмыс істедік. Онда шиток жинап, двигательді 380 вольтта қосып үйрендік.
Білім ордасы жеті бағыт бойынша оқытады. Нұрбол Исмағұлов студенттерге токарь ісі мамандығынан сабақ береді. Өзі бұрын мұнай компаниясында еңбек еткен. Енді жиған тәжірибесін балаларға үйретіп, білікті маман даярлайды.
Нұрбол Исмағұлов, Мақат мұнай және газ колледжінің оқытушысы:
- Студенттерге жалпы темірлердің жону түрлерін, болт-гайка жасау түрлерін үйретеміз, өндіріске қажетті нәрселерді. Стоноктарды, құрылыстарын, неден тұратынын. Жақында осы ақпан айында жаңадан 10 станок алып жатыр. Жаңа технологияларға көшеміз деген ойдамыз.
Колледжде әр мамандықты терең үйретуге қажетті құрылғылар бар. Дәнекерлеуші, тігінші, мұнай бұрғылаушы мамандығында оқитын студенттер үшін барлық жағдай жасалған.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Бұл – мұнай өндіру бойынша облыстағы жұмыс істеп тұрған жалғыз оқу-жаттығу полигоны. Мұнда жерді бұрғылдау, мұнайды өндіру, кейін оны өңдеу және жұмыстарды автоматтандыру процесі толық көрсетіледі. Яғни, колледжден шыққан түлектер өндіріске дайын маман боп барады.
Қазір колледжде 300-ден аса студент білім алып жатыр. Жылына 100-ге тарта маман әзірлейді. Биыл басшылық жаңа мамандық ашуды жоспарлап отыр.
Ізтұрған Таспаев, Мақат мұнай және газ колледжінің директоры:
- Мақат ауданында орналасқан 3 зауытпен қазір тығыз байланыстамыз. Олардың мамандарымен дөңгелек үстел өткізіп, оқыту программалары жасақталуда. Сонымен қатар қазір Атырау облысында токарь мамандығы қат. Сол тапшылықты жою мақсатында жаңадан цех ашқымыз келіп жатыр. Бұл цехқа компаниялар көмектесіп, 50 мың долларға 10 жаңа станок алып берейін деп отыр.
Биыл жұмысшы мамандықтар жылына орай өңірдегі 9 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылады. Сонымен қатар 3 колледжде өндірістік цех ашылады. Қазір облыстағы 24 колледжде 19 мыңнан аса студент біліп алады.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин