Қазақстан алғаш рет Bett show халықаралық білім көрмесіне қатысты
Қазақстан 40 жылдық тарихы бар беделді халықаралық білім көрмесіне алғаш рет қатысты, деп хабарлайды 24kz.
Маркетингтік мақсатта еліміздің 7 университеті өз стендттерін қойып, өңірлік академиялық хабтың мүмкіндіктерін таныстырды.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Bett show – білім беру саласындағы маңызды шаралардың бірі. Ол технологиялық компанияларды, университеттер мен мектептерді бір алаңға жинайды. Жыл сайын көрмеге 130 елден шамамен 30 мыңға жуық кәсіпқой маман қатысып, тәжірибе алмасады. Инновациялар мен білім беру саласындағы жаһандық трендтерді талқылайды.
Бұл – біздің ұлттық павильон. Елімізді академиялық хаб ретінде айқындап, шетелдіктерді Қазақстанда білім алуға шақырды. Астана және Алматы қалаларындағы Ұлттық жоғарғы оқу орындары, Назарбаев университетімен қатар Шығыс Қазақстан, Атырау облыстарының білім ордалары да шараға қатысты.
Әлия Қаймолдинова, Назарбаев университеті интернационализация бойынша департамент директоры:
- Бүгінгі көрмеге біз 2 жоба әкелдік. Біріншісі – түлектеріміз дайындаған оқушыларды робототехникаға үйрететін модель. Екіншісі – қазақша сөйлейтін жасанды интеллектке негізделген модель.
Бейбіткүл Кәрімова, Қорқыт ата атындағы қызылорда университетінің ректоры:
- Осы сапар аясында біз Ливерпуль университетіне арнайы келіп отырмыз. Ол жерде мәдени ескерткіштерді зерттеу, оны насихаттау бағытындағы ғылыми жұмыстарды жүргізу жоспарымызда бар.
Қазақстанда 30 мыңнан астам шетелдік студент білім алады. Ұлыбритания, Австралия, Германия, Италия, Оңтүстік Африка және Моңғолиядан келген жастар британдық Де Монфорт, Heriot-Watt, Ковентри университеттерінде оқып жатыр. Биыл елімізде Кардиф, Рединг, Глазго сияқты жоғарғы оқу орындарының өкілдіктерін ашу бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Мағжан Ілиясов, ҚР Ұлыбританиядағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Соңғы жылдары Қазақстан мен Британияның білім саласындағы қарым-қатынасы өте қарқынды дамып келеді. Ұлттық павильонымыз бірінші рет білім беру бойынша ең ежелгі көрмелердің бірі – Bett show-да ашылды. Біз сондай-ақ екі ел университеттерінің әріптестік деңгейі өте жоғары екенін байқап отырмыз.
Кэти Лич, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі:
- Алдағы 5-10 жыл көлемінде Қазақстандағы Британ университеттерінің саны артып, қос дипломдық бағдарламалар ашылатындығына және оқу кампустары салынатындығына сенімім зор. Сондай-ақ орта мектептерде ағылшын тілін оқыту деңгейі артып, шетелдік озық оқу орындарында білім алатын қазақ жастарының қатары көбейеді деп ойлаймын.
Ұлыбританияның жаңадан пысықталып жатқан білім стратегиясында еліміз негізгі серіктестердің бірі ретінде қарастырылмақ. Сондай-ақ медицина мамандарына деген тапшылықты жою үшін жергілікті үкімет Қазақстанға мыңдаған білім стипендиясын бөлуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Британ білім министрімен болған кездесуде айтылды. Негізі Қазақстанда ашылады деп жоспарланған 34 жоғарғы оқу орнының 8-і Тұманды Альбионнан.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Үлкен сүйінші жаңалық, Оксфорд университетінің атақты Магдален колледж-мектебі Қазақстанға келуге дайын. Осы аптада Bett show үлкен көрменің аясында Оксфорд университетімен келіссөздерді жалғастырамыз. Астана қаласында, елордамызда үлкен кампустың аясында ашуға дайын болып отырмыз.
Өткен жылы Азия елдерінен Қазақстанға оқуға келген студенттердің саны ТМД бойынша рекордтық деңгейге жетті. Алдағы 3-4 жыл көлемінде олардың саны 100 мыңға жуықтайды деген үміт бар. Бұл жобалар елімізге 100 млн долларға дейін инвестиция әкелмек.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы