Балалардың құқығын қорғайтын үш заң қабылданды
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде балалардың құқығын қорғау бойынша ауқымды заңнамалық және стратегиялық шаралар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, былтыр осы бағытта үш заң қабылданды. Ел тұрғындарының үштен бір бөлігін балалар құрайтынын ескерсек, бұл өзгерістердің маңызы ерекше. Бұл құжаттардағы негізгі өзгерістер қандай?
Маңызды бастамалардың бірі – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың өмірге бейімделуі үшін тәлімгерлер институтының құрылуы. Бүгінде 330-дан астам бүлдіршін қажетті көмек алып жатыр. Бұл білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша қабылданған Қазақстан Республикасы Заңының аясында жүзеге асырылып отыр.
Маңызды құжаттардың бірі – Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша ҚР Заңы. Оның негізгі шаралардың бірі балаларға қатысты құқықбұзушылықтар үшін жазаны қатаңдату және кәмелетке толмағандарға жәбір көрсеткені үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізу болды. Жасөспірімдердің қауіпсіздігін күшейту мақсатында балаларды қоғамдық көліктен түсіріп кетуге тыйым салынды.
Биылдан бастап мектептер мен колледждерде республикалық бірыңғай «111» байланыс орталығына жедел хабарласа алатын QR-кодтар енгізілді. Бұл нөмірге қаңтар айының өзінде 17 мыңнан астам бала жүгінген. Сондай-ақ балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету бойынша кешенді жоспар қабылданды. Оның аясында өңірлерде 20 психологиялық қолдау орталығы ашылып, 242 759 оқушы мен ата-аналарға көмек көрсетілді. Барлық білім беру мекемелерінде буллингпен күрес жүргізу мақсатында Kiva және ДОСБОЛLiKe бағдарламалары енгізілді. Бұл шаралар мектептерде достық пен өзара сыйластық қарым-қатынасын құруға септігін тигізеді. 2024 жылдың қыркүйегінен бастап балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып әзірленген жеке қауіпсіздік сабақтары енгізілді. 14,3 мыңнан астам білім беру қызметкері балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша оқытылды.
Насымжан Оспанова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы:
- Бастауыш сынып оқушыларына бөтен адамдардың өтініштеріне дұрыс жауап беру, оларға еріп кетпеуді үйретеміз. Практикалық сабақта бір тақырып түрлі методика арқылы жылына үш рет өткізіледі. Ал одан жоғары топтағыларды конфликтті жағдайларды шешуге, агрессияны азайтуға баулимыз. Яғни олар қауіпті жағдайларда шешім қабылдауды үйренуге тиіс. Жоғары сыныптарға құқықтық дәрістер беріледі.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалар, білім беру және бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша қабылданған үшінші Заңында кәсіби қабылдаушы отбасыларды құру және жетім балаларға арналған жағдайларды жақсарту бойынша нормалар қарастырылған. Қазір еліміздің әр өңірінде балалардың құқықтары жөніндегі арнайы уәкілдер жұмыс істейді. 2024 жылдан бастап қорғаншылық органдарында мамандарының саны 303-тен 692 адамға, яғни екі есеге артты. Қорғаншылық органдарының штаттық саны бойынша норматив бекітілді. Атап айтқанда, 5 мың балаға кемінде 1 маманнан бөлінді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
- Ұл-қыздарымыздың парасатты және жан-жақты болып өсуіне жағдай жасау, жас азаматтардың құқығын қорғап, денсаулығын сақтау әрдайым мемлекеттің басты басымдығы саналады. Балалар – біздің болашағымыз. Сондықтан еліміздегі әрбір жеткіншектің мейірім мен қамқорлыққа бөленіп, үлкеннің қолдауын сезінуі, ертеңгі күнге сеніммен қарауы өте маңызды.
Бүгінгі таңда жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың 82%-і қазақстандық отбасыларда тәрбиеленіп жатыр. 2024 жылдың қорытындысы бойынша тағы 3 мыңнан астам бала жаңа отбасын тапты. Ал биылдан бастап отбасылық орналастырудың жаңа түрі – кәсіби қабылдаушы отбасылар енгізілмек.
Насымжан Оспанова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы:
- Үміткерлер бірнеше сатыдан тұратын тексерістен өтеді. Содан кейін ғана ата-ана мектебіне қабылданады. Ол жерде баламен қалай жұмыс істеу керегі туралы қажетті ақпараттар алып, ата-ана дағдыларын қалыптастырады. Сонымен қатар психологиялық тексерістен өтеді деуге болады. Өйткені ол әр түрлі қиын жағдайда қалған балаларды көреді. Олармен қалай жұмыс істегенін бақылап, шешім шығарылады.
Осылайша балғындардың тек материалдық тұрғыдан емес, жан-жақты дайын отбасыларға берілуіне жағдай жасалмақ.