Өзбекстанда 150 қазақ мектебі жұмыс істеп тұр
Білімді озар, білімсіз тозар деп атам қазақ бекер айтпаған. Өзбекстанда бүгінде 150 қазақ мектебі жұмыс істеп тұр. Олардың дені Бостандық ауданында орналасқан. Ал білім ордаларының материалдық базасы жеткілікті ме?
Жанат Елшібекова 15 жылдан бері ұстаздық етеді. Бастауыш сынып мұғалімі өзінің тәжірибесіне сүйеніп, сабақты логикалық ойын түрінде жеткізуге тырысады екен. «Бұл оқушының оқудан жалықпауына таптырмас тәсіл», – дейді ол.
Жанат Елшібекова, бастауыш сынып мұғалімі:
- Брінші сыныпта, әсіресе екінші сыныпта біз тәрбиеге қатты мән береміз. Білімге де, бірақ тәрбиеге ерекше қараймыз. Ең алдымен балаға мейірім керек. Әртүрлі тәсілдермен, керек болса алдап оқытып, сонда бала зерікпейді. Мектепке келгісі келеді.
Біз аялдаған №26 мектеп былтыр пайдалануға берілген. 150 балаға шақталған білім ордасында қазір 450 оқушы екі аусыммен оқиды. Мемлекетпен бизнес бірігіп салған білім ордасы айналадағы қазақ ауылдары үшін көптен күткен қуаныш болған.
Ұлдана Дәулетова, құрылыс компаниясы директорының орынбасары:
- Бізде қазақ-өзбек болып бөлінбейді. Ата-бабаларымыз осы жерде туған. Басшымызға рақмет. Спорт бойынша өте жақсы көрсеткіштеріміз бар.
Рас, айналдырған 1 жылдың ішінде дзюдо мектебінен халықаралық дәрежеде екі чемпион шықты. Олар мына залда жаттығу жасайды. Жас өрендер болашақта Өзбекстан құрамасының атын шығаруға барын салмақ.
Айдай Есқарова, оқушы:
- Мен өскенде Олипиада чемпионы болуды қалаймын.
Өзбекстанда қазір 150 қазақ мектебі жұмыс істейді. Оның 100-і Бостандық ауданында орналасқан. Білім ордаларының материалдық базасын мемлекет толықтай қамтамасыз етеді. Оқу құралдары Өзбекстанда жазылып, басылады.
Сырттағы ағайынның ата-баба дәстүрін сақтап, өз тілінде білім алуына мемлекет қамқорлық жасап отыр. Сенімді серіктес, мәңгілік көршілес елдер арасындағы достықтың көрінісі осындай болса керекті.