Көлік саласында жаңа мамандықтар пайда болады

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін түбегейлі жаңғырту ісін бастау керек. Бұл Мемлекет басшысы жүктеген кезекті тапсырманың бірі. Көлік саласының өзінде алдағы бес жылда ірі жобаларды жүзеге асыру үшін қосымша 75 мың кадр қажет. Соның ішінде жаңа мамандықтарға сұраныс арта бастады. Өйткені салада заманауи тәсілдер мен цифрлық құрылғылар қолданылып жатыр.

Көлік саласында жаңа мамандықтар пайда болады. Оның ішінде автожол құрылысынан бөлек, көлік құрылысы, теміржол, цифрлық жобалау сияқты бағыттар бар. Сонымен қатар авиация саласын да жаңашылдық күтіп тұр. Бұл талапкерлер үшін жаңа мүмкіндік.

Жол ғылыми зерттеу институтының мамандары тиісті министрліктермен бірлесіп, «Көлік құрылысы» мамандығының қайта ашылуына ұйытқы болды. Өйткені бұл бағытта біліктілігі жоғары кадрлардың тапшылығы байқалып отыр. Жаңа оқу жылында 9 университетке мыңға жуық грант бөлінді. Оның 700-ден астамы бакалавриатқа арналған. Алайда талапкерлер тарапынан сұраныс тым аз болыпты.

Гүлжамал Омарова, Қазақстан жол ғылыми зерттеу институты құзыреттілікті арттыру орталығының директоры:

- Жастардың арасында біздің мамандыққа сұраныс жоқ. Соған байланысты биыл 770 грант бөлінді дедік қой, соның 49-ы ғана игерілді. Сондықтан 2025 жылғы мектеп түлектеріне айтқым келеді, сіздерде мүмкіншілік бар. 50 балл алсаңыз да, сол баллмен көлік құрылысына грантқа түсуге мүмкіншіліктеріңіз үлкен.

«Жаңа мамандық алғашқы жылы талапкерлер үшін таңсық болған сыңайлы», – дейді мамандар. Мәселен, Жамбыл Небиев бұл жайлы кеш білген. Дегенмен аз уақыт ішінде жан-жақты мәлімет жинап, осы бағытта кәсіби білім алуды ұйғарған. Нәтижесінде ҰБТ-дан жинаған 61 балмен-ақ Алматыдағы университетте тегін оқу мүмкіндігіне ие болды.

Жамбыл Небиев, студент:

- Бұл мамандық туралы өзім араласатын балалардан естідім. Қызметтерін кішкене қарап, пікір таласып, осы мамандықты таңдадым. Таңдаған себебім –  ол көліктік ғимараттарға, жолаушыларға қызмет көрсету, көліктің жүрісіне қызмет ету. Ондай мамандық маған ұнайды.

Гүлжамал Омарова, Қазақстан жол ғылыми зерттеу институты құзыреттілікті арттыру орталығының директоры:

- Мүмкін кеш білді ме жастар, себебі жастар ертерек бастап дайындалады ғой. Гранттың бөлінген уақыты да шамамен сәуірде сияқты. Биыл қазан-қарашадан бастап, жол саласының компаниялары ЖОО-лармен бірігіп, өңірлерде профориентациялық жұмыс жасап жатыр.

Көлік министрлігінің мәліметінше, 2030 жылға дейін салада 118 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл ауқымды жұмыстар қосымша 75 мың маманды талап етеді. «Соның ішінде 25 жаңа мамандық пайда болады», – деді ведомство басшысы.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

- Бұл бағытта «Ақылды жолдар» бойынша тиісті инженер жобалаушылар, БІМ технологиясы бойынша жұмыс тәжірибесі бар прорабтар, құрылыс роботтарының операторы және цифрлық жобалаушы қажет болады. Бүгінгі күні көлік логистика саласындағы ірі тораптарды басқару үшін цифрлық логистикалық карталар, конструктор мен операторы қажет. Авиациялық жүйелерді қашықтан басқаратын сыртқы ұшқыш сұранысқа ие.

Жаңа мамандықтарды енгізу үшін министрлік тиісті органдармен және білім ордаларымен бірге кешенді жұмыс жүргізіп жатыр. Қазір елдегі университеттер мен колледждерде 35 мыңдай студент көлік саласы бойынша оқып жатыр. Былтырғы түлектердің жұмыспен қамтылу үлесі 80%-тен асады.

Авторы: Еркебұлан Смадияров.