Арқалық қаласында алпысқа жуық ардагер тұрақты түрде спортпен айналысады

Арасында әлемдік додаларда топ жарғандары аз емес. Шағын шаһарда әсіресе кір тасын көтеру, стол теннисі, шаңғы тебу сияқты спорт түрлері жақсы дамыған. 

Сартай Арыстанов қазір 79-да. Он жылдан бері кір тасын көтерумен кәсіби тұрғыда айналысады. Осы аралықта жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Екі мәрте әлем, Азия чемпионы атанды. Ел біріншілігінің бірнеше мәрте жүлдегері. Қазір кезекті әлем чемпионатына дайындалып жүр. 

Сартай Арыстанов, Арқалық қаласының тұрғыны:

- Пенсияға шыққаннан кейін осында келдім де, мені жазыңызшы дедім.

Алайда олар мені 1-2 ай жүреді де кетіп қалады деп ойлады. Қауқар, денсаулығым осылай жақсы болып тұрса, неге бармасқа? Мақсатым – үшінші рет әлем чемпионы болу.  

Үлкен асуларды бағындырып жүрген тағы бір ардагер – стол теннисінен спорт шеберілігіне үміткер Жалбыр Молдрахметов. Есімі Қазақстаннның Алтын кітабына жазылған қазыналы қарттың қайраты қайта қоймаған. Аптасына екі-үш рет қолына ракеткасын алып, жастармен сайысқа түседі. Сонымен қатар осы спорт түрін кеңірек насихаттау мақсатында өзі демеушілік жасап, дүбірлі жарыстар өткізіп тұрады. 

Жалбыр Молдрахметов, Арқалық қаласының тұрғыны:

- 73 мүшелімді тойлап, мен республикалық масштабта өзім спонсор болып, сондай жарыстарды өткіздім. Бізде қазір жас спортшыларымыз мынау теннистен керемет нәтиже көрсетіп жатыр. Осы жақында ғана Ақтөбеге барып, жүлделі орындар алып келді. 

Айтса айтқандай-ақ, Арқалықта спортқа деген көңіл ерекше. Шағын қала тұрғындарының 45 пайызы, нақты айтсақ, 17 мың адам тұрақты спортпен айналысады. Соңғы үш жылда мұнда алаңдарды айтпағанда замануи жабдықталған 6 спорт ғимараты пайдалануға берілді. Сондықтан үлкен-кішіге қалаған спорт түрімен айналысуға толық мүмкіндік бар.  

Ернұр Әмірхан, Арқалық қаласы спорт бөлімінің әдіскері:

- Бізде қалада барлығы 50-60 ардагеріміз бар. Барлығының да күнделікті спортпен айналысып жүргенін көріп жүрміз. Ол кісілердің жетістіктері де өте жоғары. Ылғи кешкілік жастарға қарсылас болып, үлгі-өнеге көрсетіп жүргенін байқаймыз кешке жақын. 

Биыл жаз мезгілі Арқалықта ардагерлер арасында бірнеше спорт түрінен, атап айтсақ, садақ ату, жүзу,үстел теннисі, тоғыз құмалақ, шахматтан жарыс өткізу жоспарланып отыр. 

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг