Ауа райы болжамы: алыс жолға шықпау туралы кеңес берілді

Солтүстікте сарышұнақ аяз болады. Сынап бағанасы 30 градусқа дейін төмендейді. Синоптиктер бірер күнде батыс және шығыс аймақтарда да қалың қар жауып, боран соғады деп болжап отыр.

Ал республика бойынша құтқарушылар мен арнайы техника жеткілікті ме? 

Синоптиктердің сөзіне сенсек, 28-30 желтоқсан аралығында алты аймақ ақ ұлпаға оранады. Олар Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола, Орталық, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары. Осыған байланысты көлікпен алыс жолға шықпаған жөн, дейді мамандар.

Талғат Уәли, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі:

- Төтенше жағдайлар министрлігінің республика бойынша 40 трассалық медициналық көмек көрсету бекеті бар. Мұнда кәсіби дәрігерлер, фельдшерлер және өзге де мамандар жолда қалып қойған, үсік шалған, қандай да бір медициналық көмекке мұқтаж азаматтарға әрқашан қызмет көрсетуге дайын.

Ал алысқа ұзап, орта жолда қалып қойғандар 911 немесе 101 телефон номерлеріне хабарласуы керек. Төтенше жағдайлар министрлігі мен Қазгидрометтің ресми сайттарында және «Дәрмен» мобильді қосымшасында ауа райы болжамымен танысып, жол қозғалысындағы шектеулерді алдын ала білуге де болады.

Айнұр Қайынбаева, «Қазгидромет» РМК инженер-синоптигі:

- Солтүстік-Батыс циклоны елдің солтүстігіне, солтүстік-батысына және шығысына әсер етеді. Солайша қар жауып, бұрқасын болып, жел күшейеді. Бұдан кейін суық ауа массаларының басып кіруінен республиканың басым бөлігінде жауын-шашынның тоқтатылуы және ауа температурасының төмендеуі күтіледі, тек шығыс пен оңтүстік-шығыста ғана тұрақсыз ауа райы сақталады.

Қыс басталғалы бері елде шамамен 200 рет дауылды ескерту жарияланды. Облыстық және аудандық маңызға ие жолдар 40 рет жабылды. Және 6 рет жол-көлік қозғалысына шектеу қойылды. 50-ден астам адам қар құрсауынан құтқарылды. Оның ішінде 15-і бала. Тағы 100 шақты адам қауіпсіз жерге эвакуацияланды. 6 жылыту бекеті іске қосылды. 

Мирлан Алтынбек