Елордадағы жалдамалы баспана: өтінім онлайн қабылданады

Елордада сатып алу құқығы бар пәтерлерді жалға беру бағдарламасы жүріп жатыр. Биыл бұл мүмкіндікті тұрғын үй-коммуналдық қорының кезегінде тұрған 50 азамат пайдалана алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үміткерлер білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, әлеуметтік қорғау, полиция және төтенше жағдайлар салаларында жұмыс істеуі қажет. «Көктал – 1» шағын ауданында орналасқан пәтерлер 20 жылға жалға беріледі. Бағдарлама қатысушылары баспанасын кез келген уақытта сатып алуға құқылы. Жалға алу бағасы қымбат емес. Бір шаршы метріне ай сайынғы төлем – 1455 теңге. Ал түрлі коммуналдық, амортизациялық және салықтық шығындарды өтеудің қажеті жоқ. Өтінімдер наурыздың 3-іне дейін онлайн форматта қабылданады. Ол үшін «qatysu.zhilfond» сайтына кіру керек. Үміткерлер алдын ала электронды цифрлық кілт пен жұмыс орнынан анықтама қағазын дайындап қойғаны абзал.

Бекжан Сипат, «Тұрғын үй қоры» КММ қоғаммен байланыс бөлімінің маманы:

- Сатып алу үшін бұл орайда төлем қабілеттілігін кезекте тұрған азамат Қазақстанның тұрғын үй компаниясында растайды. Егер де оған кредиттік займ берілгенде, азамат сол мезетте 1% өтеуі тиіс. Яғни, пәтерді алдын ала сатып алуға болады. Егер төлем қабілеттілігі, мүмкіндігі бар болса.