ШҚО-да әйелдер тегін медициналық тексеруден өте алады
Шығыс Қазақстан облысында әйелдерді тегін медициналық тексерістен өткізуге арналған ашық есік күндері басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Яғни қыз-келіншектер терапевтің кабинетіне бармай-ақ, ешқандай жолдама алмай-ақ қарала алады. Денсаулық сақтау басқармасы әсіресе көпбалалы аналар мен бала көтеретін жастағы келіншектерді, болашақ аналарды мұндай шараны тиімді қолдануға шақырады.
№2 емханада 1 күн ішінде 47 әйел тексерістен өткен. Олар маммологтен, онкологтен, акушер-гинекологтен тікелей кеңес алды. Флюрографиялық кабинеттер де бұл күндері қаралушыдан ешқандай анықтама талап етпей, қызмет көрсетеді. Ал №1 емхана әсіресе жүкті әйелдерге толық тексерістен өтуге кеңес береді. Себебі бұл жерде ананың ғана емес, болашақ баланың денсаулығы үшін ең қажетті процедуралар жүргізіледі.
Жалпы, осы ашық есік күнінің мүмкіндігін әзірге 300-ден астам әйел пайдаланып үлгеріпті.
Гүлнази Шарипова, №1 емхананың бөлім меңгерушісі:
- Біз барлық әйелді ашық есік күніне белсенді қатысуға шақырамыз. Ауруды ерте анықтау дәрігерге де, емделушіге де тиімді. Мысалы, аудиологиялық скрининг жүкті әйел үшін де оның баласы үшін де аса пайдалы. Кереңдіктің алдын алуға болады. Өйткені әбден асқынып кеткен кезде оны емдеу тіпті қиындайды. Көп жағдайда мүгедектікке әкеліп жататыны да содан.