Алматыда аяз күшейеді
«Қазгидромет» мамандары 11-12 желтоқсан күндері Алматыда биіктігі 15 сантиметрге дейін қар жауады деп болжап отыр.
Ауа температурасы бүгін түнде минус -10,-12 градусқа дейін төмендейді. Ал 12 желтоқсанда минус -20, -25 градусқа дейін аяз болады. Қатты аяз апта соңына дейін тұрады. Осыған байланысты Алматының коммуналдық қызметтері күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті. Қалада жол жұмысшылары мен арнайы техникадан тұратын 51 патрульдік бригада кезекшілік ететін болады. Қажет болған жағдайда арнайы техниканың саны артады. Ауа - райының нашарлауына байланысты көлік жүргізушілер мен мен жаяу жүргіншілер жолда абай болғандары жөн, дейді мамандар.
Александр Сергеев, Алматы қ. коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының бас маманы:
- Барлық жағдайды ескереміз. Біріншіден, жоғары көтерілетін жолдарды, жол айырықтарын, қар көп түсетін таулы аймақтарды қардан тазартамыз. Қолайсыз ауа райында алматылықтардан мұқият болуды, жұмысқа ертерек шығуды сұраймыз. Жүргізушілерге бағдаршамы бар қиылыстан кесіп өтуді ескертеміз.