Шетелдік тіркеуі бар көліктерді заңдастыру жуырда аяқталады

Шетелде тіркеуде тұрған көліктерді заңдастыру мерзімі жақында аяқталады.

Бұл жұмыс биыл қаңтар айында басталған еді. Осы уақыт аралығында Ақтөбе облысында 35 мыңнан астам көлік заңдастырылды. Алайда полицейлер әлі де қамсыз жүрген жүргізушілердің бар екенін айтады.

Болат Хамит ресейлік есепте тұрған көлікті Ақтөбенің автобазарынан сатып алған. Біздің елге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін кіргенін ескере отырып таңдапты. Құжаттардың дұрыс екендігіне көз жеткеннен кейін мемлекеттік тіркеуге өтінім берген.

Болат Хамит, қала тұрғыны:

- Номерлерімді бүгін тапсырып жатырмын. Тез жұмыс жасайды. Қиын емес. Уақыт деген шектеусіз болғанда біз әлі жүре беретін едік. Уақыт шектеулі болғасын 29 декабрьде барлық машиналарды қазақ учетке қоюды тоқтатып тастайды да сол үшін қимылдап жатырмыз машина босқа қалып кетпесін деп.

Елімізде шетелдік тіркеудегі көліктерді заңдастыру биыл 23 қаңтарда басталды. Ережеге сай автокөліктер ұрланбаған, басқа мемлекеттегі есептен шығарылып, кедендік төлемдері өтелген болуы тиіс. Полицейлер бұл талаптарға сай 3500-ден астам көлік құралы әлі күнге дейін есепке алынбағанын айтып отыр.

Ерболат Сарқұлов, облыстық ПД Баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Автокөліктерін әрі заңдастырмаған сол азаматтарды осы жылдың аяғына дейін автокөліктерін заңдастыруға шақырамыз. Себебі 30 желтоқсан күні заңдастыру мерзімі аяқталады.

Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында жүргізушілер кезегі азайған. Дегенмен күніне шетелде тіркеуде тұрған 60-қа жуық автокөлік есепке алынады.

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков