«Ақшасын төлейсің». Сәбит Мұқанов 12 адамды ертіп келді
Ойрат Өрекенев 1927 жылы дүниеге келген. Қазақтан шыққан алғашқы чекистердің бірі. Қазақстанда кеден қызметін қолымен құрған ардагер.
Кезінде «Хабар» арнасының майталмандары «Ел ағалары» деген бағдарлама жасаған. Қазақ журналистикасының білгірі, қаламы қарымды журналист Қайнар Олжайдың бастамасымен көрерменге жол тартқан бұл бағдарлама ел тарихындағы ерекше жандарды түгендеді. Солардың бірі – Ойрат Өрекенев. 2005 жылы Ойрат Өрекенев өмірден өтерден бұрын таспаға түсіріп алудың сәті келген. Бағдарламаның редакторы әйгілі Бейбіт Құсанбек.
Біраз жыл Қашқарда ашық және астыртын жұмыс істеуге тура келді. Ашық қызметі үшін дипломатиялық паспорт пайдаланылды. Ойрат Өрекенев Қашқардағы Кеңес консулдығында вице-консул болады. Ол кезде үйленген, зайыбы Раиса Ахметқызы да сол кезде бірге жұмыс істейтін.
Қашқарда тұрғанда барлаушыларды көрдім. Олар да мені білетін. Ағылшынша сөйлесеміз. Жолдасымның жұмыстарына көмектесіп, біраз жеңілдетіп беретінмін. Сол консулдықты біз жаптық. Патша үкіметі тұсында ашылған еді. Біз жұмыс істеп жүрген кезде Хрущев пен Мао Цзэдун екеуінің арасы жақсы болмай, Мао Цзэдун бәрімізді елден қуып шықты. Сол себепті Қашқардағы консулдықта қызмет атқарған соңғы мамандар бізбіз. Консулдық аумағы кең, бассейні, теннис корды бар еді. Тіпті елшілік аумағында молалар да болды. Консулдың жерін казак-орыстар күзететін. Солардың моласы еді. Мен жақындауға қорқатынмын. Кеш түссе ол жаққа бармауға тырысатынмын, – деп еске алады Ойрат Өрекеневтің жары Раиса Ахметқызы.
Қашқарда қызметте жүргенде тағдыр Ойратты қазақтың тағы бір алып тұлғасымен жолықтырды. Жазушы Сәбит Мұқанов «Аққан жұлдыз» романына материал жинайды. Шоқан туралы екен. Шоқан өмірінде Қашқардың жөні бөлек. Екі мемлекет арасындағы келісімдерден соң Сәбеңнің осы аймаққа келуіне рұқсат етіледі. Оны алып жүру вице-консул Ойрат Өрекеневке тапсырылған.
Сәбит Мұқанов келді. Жанында Луцы Ян. Оларды қабылдадым. Ол кезде қандай жұмыспен кіммен кездесу керегін, қандай құжатты қай жерден іздеу керегін айтып, көмектестім. Оның айтуы бойынша, Шоқан Уәлихановты көрген бұрынғы барлық кәрілерді орталық консулдыққа шақырттым. Достық қабылдау өтті. Еркін форматта болды. Шағын дастархан жасап қоюымды өтінді. Еркін болса, адамдар жасқанбай әңгіме айтады деді. Оны да жасадым. Сәбең маған 10-12 адамды алып келді. Сосын маған: «Осы кісілер маған көмектесті. Ақшасын төлеңіз. Қанша сұраса да, төлеуіңіз керек» деп құжаттарын көрсетті. «Жарайды, Сәбе» дедім, - деп еске алады ардагер.
Шоқанның Қашқарға кірген жерінен Қырғыз арқылы шыққан жеріне дейін дипломатиялық автокөлікпен алып жүрген. Бірақ «Аққан жұлдыз» романы жарыққа шыққанда оған көмектескен Өрекеневтің атына еш алғыс болмайды. Арада жылдар өткенде Сәбеңнің бюсті ашылғанда Мәриям апай көп алдында рахмет айтады. Оған да шүкіршілік.
Ол жылдар Шыңжаң тұрғындары қандай жолмен болсын Кеңес еліне кетуге тырысатын. «Ол елдің паспорты барларға жол ашық. Бұрын Қазақстанға қатысы болмаған талайлар, тіпті асыл тас беріп кеңестік паспорт алуға асығып еді», - дейді Раиса Ахметқызы. Бұлар ондай парадан атшаптырым алыс жүреді.
Біз Қашқарда тұрғанда Кеңес үкіметінің өзбек тілді көптеген фильмі көрсетілетін. Сол фильмдерде Кеңес үкіметінің тұрмысы сондай керемет, барлығы бар, барлығы жеткілікті етіп көрсететін. Соны көрген ұйғырлар «Совет үкіметіне барамыз, Совет үкіметіне барамыз» дейтін. Ал Кеңес үкіметіне келу үшін сол елдің паспорты болуы керек қой. Қытай паспорты барларды жібермейді. Сол кезде біздің консулдың ауласы ұйғырға толып кететін еді. Ойрекең солардың құжаттарын туралап күні-түні отыратын. Сол ұйғырлардың көбі Өзбекстанға кетті, біразы бізге – Алматыға келді. Сондағы бір оқиғаны ғана айтып берейін. Қолымда кішкентай балам бар, консулдың ауласында қыдырып жүр едім, бір шал келді алдыма. Үсті-басы кір-кір, өзі әбден қартайған. Сосын маған қарап тұрып: «Қызым, мынаны алшы?!» - деп бір ескі шүберекті ашып көрсетті. Ішінде бриллиант жатыр екен. «Осыны саған беремін. Мына балаңның қажетіне жаратасың. Сен ана консулға айт, мені советке жіберсін», - дейді. Мен: «Рахмет, рахмет!» деп баламды құшақтадым да, қашып кеттім. Содан көп уақыт өткен соң, академияда жұмыс істеп жүргенде Ләйлә Мұхтарқызы Әуезова докторлық диссертация қорғады. Онымен Мәскеуде бірге оқығанбыз. Сол қорғаудан кейін қыздар боп, бәріміз дастарханға отырдық. Сол кезде осы әңгімені қыздарға айтып бердім. Қыздардың бәрі шулады, «неге алмадың?» деп. Мен осы күнге дейін ештеңе алмағаныма өкінбеймін, – дейді Раиса Ахметқызы.
Хрущев пен Мао Цзэдун арасындағы қырғиқабақ саясат консулдың жабылуына соқтырды. Ойрат елге оралды. Енді оған басқа жауапты жұмыс тапсырылды.