Мопед жүргізушілеріне талап күшейеді
Енді мопедтер тіркеуге алынып, иесі көлікке мемлекеттік нөмір тағуға міндеттеледі, деп хабарлайды 24KZ.
Олар автокөлік жүргізушілерімен теңестіріліп, А-1 санатындағы жүргізуші куәлігін алады. Осылайша, қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрге дейінгі мопедтер көлік құралы санатына жатқызылады. Бүгін Мәжіліс депутаттары «Жол жүрісі туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады.
Алматы көшелерінде мопед көп. 20 мыңға жуық азамат көліктің осы түрін күнделікті пайдаланады. Көбі – курьерлер, кәсіпкерлер, студенттер. Мопед – ірі қалаларда көлік кептелісінен құтқаратын тиімді көлік. Оны тізгіндеушілер жол қозғалысында қандай да бір ереженің болғанын құптап отыр.
Қаныбек Есенәлі, қала тұрғыны:
- Қолайсыз жағы жоқ, жаңбырда ғана болмаса. Баратын жеріңе тез барып келесің, кептелісте тұрмайсың, жеткізу қызметінде істеп жүремін. Жас балдарға айдауға кеңес бермеймін, олар қатты жүреді. 20-дан асқан, 21-ге толған балдар болса, айдауға болады. Біледі «более-менее» жолда қалай жүру керек екенін.
Исламбек Ильясов, қала тұрғыны:
- Алматы қаласы үлкен кептеліс, сондықтан мопедпен жұмыс істеген өте тиімді. Мен басында машинамен жұмыс істегем, кептелісте тұрып, тапсырыс кешігіп, солай болғандықтан, мопедке көштім қазіргі таңда. Заңбұзушылық көп болады мопедте, енді олар әдейі істемейді, тапсырысты тез апару керек деп асығады.
Мопед мінгендер көбіне жылдамдықты арттырады. Бағдаршамға бағынбайды. Қарсы бағытқа шығып кетеді. Салдарынан түрлі жол апаттары орын алады. Мамандар: «көліктің бұл түрі қолжетімді болғандықтан, алдағы уақытта олардың қатары көбейеді», – деп отыр.
Игорь Лепеха, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:
- Қазір жол ережесін бұзған барлық мопед жүргізушілері жазадан құтылып кетеді. Себебі автоматты тіркеу жүйесі оларды көрмейді. Жаз басталғалы олардың қозғалысы көбейеді. Басқа көлік жүргізушілері қос жолақты кесіп өтпейтін болса, мопедшілер оп-оңай кесіп өте береді. Олар басқа да көліктер секілді жолда жүреді. Сондықтан жауапкершілікті сезінсін деп, заңға нормалар енгізіп жатырмыз.
Дәл қазір мопед жүргізушілеріне жаппай тіркеуден өтудің қажеті жоқ. Заң күшіне енген соң ол рәсімге жеткілікті уақыт беріледі.
Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
- Егер бұл талаптарды қысқа мерзімде қолданысқа енгізетін болсақ, бір күнде ұзын-сонар кезек пайда болады. Сол себепті тіркеуге тұру үшін белгілі уақыт беріледі. Осы маусымда қолданыстағы заңнама күшінде болады. Ал келесі жылы жаздың басында жаңа заң қолданысқа еніп, жолдарда тіркеу нөмірі бар мопедтер ғана пайда болады.
Қазір мопедтердің нақты саны белгісіз. Бейресми дерекке сүйенсек, 50 мыңға жуық осындай көлік құралы болуы мүмкін. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша былтыр мопед тізгіндеушілердің қатысуымен 750 жол-көлік оқиғасы болған. Салдарынан 39 адам көз жұмды. 730 азамат зардап шекті. Биыл 3 айдың өзінде 170-тен астам апат болып, 1 адам көз жұмған.
Авторлары: Рухани Асқар, Марат Диханбаев, Валентин Лобанов.