Домофон үшін ақы алғандар айыппұл төлейді
Домофон жүйесіне қызмет көрсетуші үш компания 70 миллион теңгеден астам айыппұл төлейді.
Бұл Шымкенттегі жағдай.
Домофонға қызмет көрсетушілер пәтер иелерінен ай сайын негізсіз ақы алып отырған. Заңсыздықты бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі әшкереледі.
Республика даңғылындағы мына көпқабатты үйге 2013 жылы күрделі жөндеу жасалған. Қауіпсіздікті күшейту үшін 60 пәтер иесі ақша жинап, подъезд есігіне домофон орнатқан. Сол кезден бастап тұрғындардан ай сайын ақы алынып келді. Ешқандай қызмет түрі көрсетілмесе де, коммуналдық төлем түбіртегімен бірге есепшоты түсіп тұрған.
Ұрпан Сәрсенова, қала тұрғыны:
- Ай сайын 250 теңгеден алатын, қазір 350 теңге болды. Мысалы, олар біз вызов шақырамыз келіп істейді. 1 жылда шақырамыз ба, 3 айда бір шақырамыз ба. Бірақ соншалықты ақша көп алады не үшін!? Келген кезде сол услугасын алсын.
Асқар Нұрманов, қала тұрғыны:
- Сервис деген бір компаниялар бар өзі. Соған қосылып домофон деп келеді. Одан кейін оны біз зерттеуге де уақытымыз жоқ. Төлеп құтыла салайық дейміз да. Өткенде төлегенде квартплата 10 мыңнан асатын еді қазір 20 мың теңгеден асып кетіп жатыр ғой.
Тариф өсіп еді, тұрғындардан да шағым көбейді. Осыған байланысты бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі талдау жасап, бірқатар заңбұзушылықты анықтады. Тергеу қорытындысына сәйкес үш компанияның нарықта үстемдік құрғаны белгілі болды. Олар тұтынушылармен жалған келісім шарт жасап, заңнама нормаларын өрескел бұзған.
Еркебұлан Қалқұлов қалалық бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментінің бас маманы:
- Серіктестіктер бір мекен жайнда орналасқандығы, серіктестердің бүкіл құжаттары, печаттары бір шкафтың ішінде орналасқандығы және олар бір уақытта бағаны өзгертіп, бір уақытта бағаны ұстап тұру белгілері анықталған. Департаментпен әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданды.
Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сот компанияларға 11 миллион теңгеден астам айыппұл салды. Бұған қоса бір жылда тапқан монополиялық кірісінің 60 миллион теңгесі тәркіленді.
Евгений Яворский, заңгер:
- Олар домофонды сатады. Одан кейін тұтынушылармен қызмет көрсету шарттарын жасасады. Бірақ менің ойымша бұл тек халықтың қалтасына қол сұғуға арналған айланың бірі. Яғни қызмет көрсету қажет болмаса да төлем талап етуге бағытталған тәсіл.
Жалпы Шымкентте домофон сату және оны орнатумен 16 компания айналысады. Ал қитұрқы әрекеті әшкереленген 3 компания өзара сөз байласып, нарықтың 88%-не иелік еткен. Сол себепті кәсіпкерлер сот шешіміне қатысты шағым білдіруге құқылы.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Алдағы уақытта домофон жүйесін пайдаланушылар ай сайынғы ақы төлей ме, жоқ па, ол жағы беймәлім. Себебі сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Егер тұтынушылар міндетті төлеммен келіспесе, онда ұжымдық арыз жазуы керек, дейді бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің өкілдері.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов