Елімізде әр бесінші адам аллергиядан зардап шегеді

Елде әр бесінші адам аллергиядан зардап шегеді, деп хабарлайды 24KZ.

Көктем, жаз шыға бұл тіптен үдеп кетеді. Аллергиядан көптеген адамдардың қиналып жүргенін көреміз. Мұның өзі емі бар ма? Қай уақта емделген тиімді?

Бүгін – дүниежүзілік Аллергия және демікпемен күрес күні.

Көбіміз күн жылынып, жаз шыққанға қуанып жатсақ, аллергиясы бар адамдар үшін бұл жайсыз уақыт. Бұл көктемде шөп шығып, тозаңданғаннан күзге дейін жалғасады. Сондықтан осы уақыт аралығында түрлі өсімдік әсер етуі мүмкін.

Мысалы сәуір мен мамырда ағаштың гүлдеуі, маусым, шілдеде шабындық, дәнді-дақылдардан шыққан тозаң, ал тамыз бен қыркүйекте арамшөптер әсер етуі мүмкін.

Ағаштар – сәуір, мамыр, шабындық дәнді-дақылдар – маусым, шілде, арамшөптер – тамыз, қыркүйек.

2023 жылғы есептік көрсеткіш бойынша елде бір ғана клиникалық-диагностикалық зертханаға маусымдық аллергия себептерін анықтау үшін 25 мыңнан астам адам жүгініпті.

Қайрат Қиықбаев, аллерголог-иммунолог:

- Ең бірінші аллергияның себебін анықтап алу қажет. Көбінесе аллергияны қазір симптоматикалық түрде емдейді. Яғни, симптомын басатын ғана дәрілер береді. Олар уақытша әсер етеді. Аллергияны жазу үшін негізі себебіне қарсы ем жасау керек. Мысалы бірнәрсеге аллергия болса, иммуножетіспеушілік қой, сондықтан организмнің қарсы тұру қабілетін көтеру керек. Сол үшін аллергендерден біз дәрі жасаймыз, аллерговакцинация өткіземіз.

Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдемесі бойынша халықтың шамамен 30-35%-і маусымдық аллергияға шалдығады. Жыл сайын қайталанатын бұл ауруды қыста емдеген тиімді. «Сол кезде теріге сынама жасалып, ауру себебі анықталады да, жазда қозуының алдын алуға болады», - дейді дәрігер.

Авторлары: Мөлдір Молдағали, Мадтяр Қындыбаев