Жүрегің таза болса, аштық та тимейді – 107 жастағы әженің өсиеті

Петропавлда ғасыр жасаған әже тұрады. Дәнекер Қасымбекова биыл 107-ге толды, деп хабарлайды 24kz.

Өмір бойы ауылда тұрып, адал еңбекпен есейген кейуана қазір бейнеттің зейнетін көріп отыр

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Дәнекер Қасымбекова талай нәубетті бастан кешті. 1917 жылы дүниеге келген ол бала кезінен ашаршылықты, кейіннен қуғын-сүргін мен Екінші дүниежүзілік соғысты көрді. Ғасыр жасаған әженің өмірден түйгені мол.

Дәнекер Қасымбекова:

- Шамаң келсе, өтірік айтпа. Кісі алдама. Өз күшің, өз еңбегіңмен жиғаныңмен же. Кісі алдап, біреудікін алған ол кісі емес. Ол жай әлгі күнің үшін бірін бірі табаған болады. Ал шын жүрегің таза болса, ешнәрсе де жоқ. Аштық та тимейді, соқтық та келмейді.

Кейуана қаршадайынан қара жұмыс істеп, еңбекке ерте араласты. Одан жаман болған жоқ. Елге сыйлы, жұртқа қадірлі болды. Алты бала тәрбиелеп өсірді. Солардан 9 немере, 20 шөбере және 1 шөпшек сүйіп отыр.

Айтбай Қасымбеков, ұлы:

- Бәрі үй болып отыр. Өсіріп оқытты. Аштық көрген жоқпыз. Мамам енді бәрімізді тәрбиеледі. Өсірді. Папамыз ерте қайтып кетті. Енді туған күні паспортымен қай күні екенін білмейді. Сосын 1 қазан деп қойдық. Сол уақытта жинаймыз. Кішкене ас қыламыз мамкамен отырамыз, шулаймыз.

Дәнекер әже немересінің қолында тұрады. Әлі тың, зейіні зор. Қазір бала-шағасынан немере сүйіп, шөберенің қолынан су ішіп, шөпшек көріп отыр. «Одан асқан арманым да жоқ», - дейді бақытты жан.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков