Астана мен Алматы әуежайында рейстер шегерілді

Ауа райының құбылуына байланысты Астанадағы халықаралық әуежайда ұшуға жоспарланған 75 рейстің 4-і кейінгі шегерілді. Ұшып келуге жоспарланған 80 рейстің 10-ы кешіктірілді. Ал Алматыда толассыз қар жауып жатыр. Қаланың халықаралық әуежайы кешкі сағат 20:45-тен 23:00-ге дейін ұшып келетін рейстерді уақытша қабылдамайды. Ұшып кететін рейстер де кешігеді. Бұл туралы әуежайдың баспасөз қызметі мәлімдеді. Рейстер ауа райының тұрақталуына қарай реттеледі.

Айта кетейік, соңғы төрт тәулікте Алматы көшелерінен 45 мың текше метр қар шығарылған. Қар күреу жұмыстарына 603 арнайы техника мен мыңнан аса жұмысшы тартылды.