Ұлттық құрылтай аясында атқарылған жұмыстар қорытындыланды

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ұлттық құрылтай мүшелерінің қатысуымен өткен басқосуда жыл бойы атқарылған жұмыстарды қорытындылады.

Ол бұған дейін Ұлттық құрылтай мүшелері Шығыс және Батыс Қазақстан облыстарында көшпелі отырыс өткізіп, жұртшылықпен кездескенін тілге тиек етті. Оған қоса, өңірлік қоғамдық кеңестер атынан келген Ұлттық құрылтай мүшелерімен де бөлек  кездесу ұйымдастырылған. Құрылтайдың үшінші отырысының қорытындысы бойынша 40 бөлімнен тұратын арнайы жоспар қабылданған. Қазір бұл жобалардың басым бөлігі орындалды. Атап айтқанда, "Тәуелсіздік және отаншылдық", "Әділдік пен жауапкершілік", "Еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік", "Заң мен тәртіп", "Жасампаздық және жаңашылдық" сынды жалпыұлттық  құндылықтарды дамытуға бағытталған елеулі бастамалар бар. Жиында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Ұлттық құрылтай мүшелеріне биыл 1 қыркүйектен бастап мектептерге енгізілген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының аралық нәтижесін таныстырды. Ал бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева балалардың құқығын қорғау саласында мемлекет тарапынан жасалған шаралар туралы баяндады. 

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

- Ономастикалық жобаларды орталықтандыру бойынша ұсыныс айтылған болатын. Ескерткіштер, көше атауларын берген кезде жергілікті мәселелерден кету бойынша ұсыныстар айтылған болатын. Біз соны пысықтап, арнайы заңға өзгеріс енгізіп, биылдан бастап ономастикалық жұмыс орталықтандырылады. Әйелдердің құқықтарын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты түзетулер. Бұл заңға Президент биыл 11 сәуірде қол қойды. Вейптерге, шегілмейтін темекі өнімдеріне тыйым салуға қатысты түзетулер. Бұл заңға Президент 19 сәуірде қол қойды. Вандализм және табиғи нысандарды қорғауға қатысты түзетулерге президент 8 шілдеде қол қойды.

Сондай-ақ Ерлан Қарин Ұлттық құрылтай мүшелеріне Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан төрт ауқымды инфрақұрылымдық жобаның нәтижелері туралы мәлімет берді. Бұл туралы Атырауда өткен үшінші отырыста жария етілген болатын.

Жалпы Мемлекеттік кеңесші жылды қорытындылай келе, Ұлттық құрылтайдың тиімді диалог алаңы ғана емес, қоғамдағы өзекті түйткілдерді көтеретін негізгі орталықтың біріне айналғанын атап өтті.