Ұшақ апатынан тірі қалғандардың жағдайы. LIVE
Ақтаудағы ұшақ апатынан зардап шеккендердің қазіргі жағдайы жайында соңғы мәліметті әріптесім Еркебұлан Смадияровтан білейік.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
Астанадан Ұлттық ұланның арнайы ұшағымен келіп қондық. Бортта бізден бөлек, 40-тан астам адам болды. Бұл Үкімет басшысының қаулысымен құрылған комиссияның бір бөлігі ғана. Ведомство басшылары апат орнында жұмыс істеп жатқан мамандарға бірқатар тапсырма берді. Байқағанымыздай, апатқа ұшыраған әуе кемесі екіге бөлініп қалған. Бір бөлігі міне менің артымда тұр. Аман қалғандардың көбі осы бөлігінде, яғни, артқы жағында отырған екен. Оқиға орыны қазір қоршаулы. Қараңғы түскеніне қарамастан мамандар жұмыс жүргізіп жатыр. Мұнда 400 астам адам мен 80 шақты техника жұмылдырылған. Айта кету керек, біздің алдымызда Астанадан санавиация да келген еді. Онда хирург, нейрохирург, травмотолог сияқты дәрігерлер бар. Олар зардап шеккендер үшін ем-дом шараларына кірісіп кетті.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- 67 жолаушыдан 38 адам қаза тапты. Олардың барлық жақындары мен тума-туыстарына көңіл айтамыз. Қаза тапқандар Ресей Федерациясы, Азербайжан Ресбуликасы және Қазақстан Республикасының азаматтары бар. Аман қалған 29 адам екі ауруханаға жеткізілді.