Елде тері обырын емдейтін жаңа препарат дайындалып жатыр

Елде тері обырын емдеуге арналған жаңа препарат дайындалып жатыр.

Оны NU мен шетелдік мамандар бірлесе қолға алған. Әзірге дәрі-дәрмек зертханалық жағдайда ғана тексерілді.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Тері обыры әлемде жиі кездеседі. Қазақстанның өзінде 2022 жылы 20 мыңға жуық адам дәл осы ауруға шалдыққан екен. Оның ішінде 2,5 мыңнан астамы "меланомамен" ауырған. Қазір ғалымдар бұл дертті емдеудің жаңа әдісін қарастырып жатыр.  

Дәл сол жылғы жаға ұстатқан статистика ғалымдарды тағы терең ізденіске жетеледі. Осы аралықта мысырлық маман Ахмед Элькамхауи жаңа препарат әзірлеуге күш салған. Кейін NU-да арнайы зерттеу тобын құрып, ортақ мақсатқа қол жеткізе бастады.

Ахмед Элькамхауи, ғалым:

-  Қолданыстағы дәрі-дәрмектерге науқастың ағзасындағы обыр клеткасы уақыт өте келе бейімделіп алады. Сондықтан емдеу қиынға соғып жатыр. Ал жаңа препарат ондайға жол бермеуі қажет. Қазір клиникалық зерттеуге дейінгі жұмыстар жүріп жатыр. Қолдау көрсеткен Қазақстан тарапына алғыс білдіремін.

Бұл препарат тері обырының ең қатерлі түрі - меланоманы емдеуге арналған. Зерттеушілер оны синтездеп, зертханалық жағдайда ғана тексеріп шықты. Негізгі сынақтың бәрі алда. Жұмыс тобының құрамында қазақстандық университеттің 7 студенті бар.

Айша Сейлхан, NU студенті:

- Әлі де толықтай препарат емес, ол - кандидат. Осы кандидат адам терісі обырымен жақсы күреседі деп айтуға болады. Ол адамның басқа мүшелеріне зиянсыз. Сондықтан осы жобаны жалғастыру өте маңызды. Қазір жасанды жолмен өсірілген жасушаларда тестіленіп жатыр. 

Зерттеушілер дәріні алдымен жануарларға сынап көреді. Кейін клиникалық зерттеуден сәтті өтсе ғана, өндіріске жіберіледі. Дегенмен, бұл үрдістің бәрі ұзақ уақыт алуы мүмкін, дейді жоба авторлары.

Еркебұлан Смадияров, Диас Қобыланбаев