ШҚО-да емдік-сауықтыру туризміне сұраныс артты
Биыл ел шығысына 300 мыңнан астам турист барды.
Олардың арасында шетелдік саяхатшылар да жетерлік. Алыстан ат арытып жеткендер аймақ туризмінің түрлі бағытымен танысып жүр. Әсіресе емдік-сауықтыру орындарын іздегендер көп. Төр Алтайда марал шаруашылығы да, омарташылық та жақсы дамыған. Ал бұл нағыз табиғи ем алудың бірден бір мүмкіндігі, дейді сала мамандары. Расымен де марал мүйізінің сорпасы мен қаны, араның уілі мен балы жанға дауа, дертке шипа бола ала ма?
Александр Липин 20 жылдан бері омарташылықпен айналысады. Ол әрбір араның ұшып-қонуынан-ақ оның жағдайын бағамдайды. Тәттіқұмар қанаттылардың қай гүлдерге жиі қонатынын да жақсы біледі.
Омарташының айтуынша, бал тек тәтті дәм емес. Ол нағыз табиғи ем.
Александр Липин омарташы:
- Медицина маманы болмасам да балдың шипалы екенін бес саусағымдай білемін. Ол иммунитетті көтереді. Келбет-көрікті сақтауға да сеп. Аллергиясы барлар ерте көктемдегі балды жегені жөн. Ол кезде өсімдік түрі аз болады. Ал кейінгі аралар бүкіл гүл шоғынан нәр жинайды.
Александр араның уілі де тыныштандырғыш терапия дейді. Ұя үстінде жатқан адамның миы бір сәт демалып, бойы сергиді. Ал жұпар иісі тыныс алу жолдарын ашады.
Емдік қасиеті жағынан марал мүйізі де балдан кем түспейді. Қатон-Қарағайдан бастау алған пантымен емдеу сауықтыру орындарының саны қазір артқан. Таулы Үлбі шатқалындағы мына орталық қалаға тиіп тұр.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Маралдың тектілігі мен тазалығы сол олар кез келген шөпті жемейді. Түрлі тал ағаштардың жапырақтарын үзіп қоректенгенді жақсы көреді, дейді мамандар. Мына жердегі табиғи жағдай тұяқтыларға жайлы. 5 шақырымдық қоршалған тор ішінде 60 бастан астам марал жайылып жүр.
Жаз бойы мұнда мың адам пантымен емдеу шарасын қабылдапты. Келіп жатқандар әлі де бар. Зайсандық Жәмила Қалиханқызы 5 күнен бері осында демалып та, ем алып та жүр. Қазір ғана мүйіздің сорпасына түсіп шықты.
Жәмилә Қалиханқызы, Зайсан қаласының тұрғыны:
- Суық тидіріп алған болатынмын, бүйрегім ауырып, кішкене әжептәуір ем қонып жатыр. жеңілдік сезінесің, сол бірінші жеңілдеп жақсы болып қалдым.
Шұрайлы жайылымнан бас алмайтын маралдың пантысы пайдалы элементке бай. Сондықтан бүкіл ағзаға күш-жігер беретіні рас, дейді сарапшылар. Адамның ажарын ашып, қартаюын тежейді. Буын ауруларына да шипа.
Мағжан Әскербеков, сауықтыру орталығының фельдшері:
- Пайдасы өте жақсы. Буын ауруларына адам көп жүрсе аяғы қақсауы мүмкін, сондай аурулардың алдын алады. Бізге ең көп келетін адамдар 50 жастан асқан адамдар буындары ауырады, қақсайды, тұмаумен жиі ауыратын кісілер болады, сондай ауруларға өте жақсы.
Бұрын өлкеде пантымен ем түрі тек жазда ғана ұсынылса, енді оны мұздатып, қыста да қолдану жолға қойылды. Сарапшылардың айтуынша, бұл жыл он екі ай бойы келетін туристерге де тиімді.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов