СҚО-да жылжымалы дәріхана ауылдарға дәрі-дәрмек таратады
«Жылжымалы дәріхана» шалғайдағы ауылдарды аралап, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді.
Мұндай жоба алдымен Қызылжар ауданында жүзеге асты. Арнайы көлік бекітілген кесте бойынша елді мекендерге қажетті препараттарды жеткізеді. Есесіне алыс ауылдағы ағайын дәрі алу үшін аудан орталығына барып әуре болмайды.
Бугровое ауылының тұрғыны Любовь Абрамова дәрі алу үшін 70 шақырым жердегі Бескөлге баратын. Енді бұл қиындық артта қалды. Жылжымалы дәріхана елді мекенге келіп, қажетті дәрілерін алды.
Любовь Абрамова, Бугровое ауылының тұрғыны:
- Анамның қан қысымы көтеріледі. Қант диабеті де бар. Дәрі-дәрмекті тегін алады. Аудан орталығына қатынау өте қиын. Кейде барғанда керек препарат болмай қалады. Құр қол қайтатынбыз. Жолға шығуға үнемі мүмкіндік бола бермейді. Бұл бастама бізге үлкен көмек болды.
Дәрі тасымалдайтын арнайы көлікте температура қатаң қадағаланады. Себебі алыс ауылдарға балалар тағамы мен вакцина да жеткізіледі. Барлық есеп-қисап электронды жүйеде автоматты түрде жүргізіледі.
Галина Нечаева, фармацевт:
- Өте ыңғайлы болды. Алда жақсы нәтиже береді деп ойлаймыз. Бастысы, аудандық дәріханаға түсетін салмақ біршама азаяды. Адамдар ұзынсонар кезек күтпейді. Уақытын үнемдейді.
Тұрғындар дәрілерді қағаз түріндегі рецепт немесе QR-код арқылы алады. Бірінші кезекте препараттар диспансерлік есепте тұрған науқастарға үлестіріледі. Қан қысымы немесе қант диабеті барларды және тегін дәрі алуға құқылы басқа да мыңдаған тұрғынды қамтамасыз етеді. Бәрінен бұрын дәрігерлердің жұмысы жеңілдеді. Қаладағы дәріхана алдында да ұзын-сонар кезек болмайды.
Жанар Кәкімова, Қызылжар аудандық ауруханасы директорының орынбасары:
- Жылжымалы дәріхана 60-тан астам елді мекенге қатынайды. Төрт мыңға жуық тұрғынды дәрімен қамтамасыз етеді. Қажетті рұқсат қағаздарды алдық. Ауылдарға шығуға толық құқымыз бар.
Мобильді дәріхана елді мекендерге аптасына бірнеше рет қатынайды. Тұрғындар қажетті дәрінің бар-жоғын аудандық дәріханаға алдын ала хабарласып, нақтылай алады.
Аснурия Абдулла, Қуаныш Қазбеков