Өскеменде ғалымдар балаларды оңалтуға арналған кресло құрастырды

Өскемендік ғалым сал ауруына шалдыққан балаларды оңалтуға арналған кресло құрастырды.

Профессор Досым Ерболатұлының айтуынша, елімізде оның баламасы жоқ. Ал шетелдік креслолардың құны 3 есе қымбат. Жаңадан құрастырылған отырғыштың массаж жасайтын механизмі, жылжымалы үстелі және саусақты  жаттықтыруға арналған құрылғысы да бар. Ол пультпен басқарылады. Опциялық бағдарламалар науқастардың талап-тілегі бойынша орнатылған. Профессор Досым Ерболатұлының жобасын жүзеге асыру үшін,  ғылым қоры 100 млн теңге грант бөлмекші. «Алдағы уақытта сал ауруына шалдыққан балаларды оңалтуға арналған басқа да құрылғыларды құрастырумен айналысамын», – дейді ол.   

Досым Ерболатұлы, физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор:

- Біздің елімізде сал ауруына шалдыққан балаларды оңалтуға арналған осындай техникалық құрылғыларды жасайтын ірі өндіруші жоқ. Сол себепті осы іске білек сыбана кірістім. Маған практикалық сабақ кезінде студенттер көп көмектесті.