Елімізде ішектің қабыну ауруы көбейіп барады
Қазақстанда ішектің қабыну аурулары жиілеп барады. Оған қоса осы дертке шалдыққан балалар мен жасөспірімдер көп.
Бұл жөнінде Алматыда ішектің қабыну аурулары жөніндегі Республикалық күзгі мектеп аясында өткен конференцияда айтылды.
Отандық және шетелдік мамандар бүгінгі таңда диагностикалаудың әрі емдеудің заманауи әдістері арқылы бұл ауруды асқындырмай емдеуге болатынын айтады.
Ішектің қабыну аурулары аутоиммундық дертке жатады. Ұзақ стресс, әртүрлі вирустық инфекциялар мен батыс тағам түрлерін жиі пайдалану бұл аурулардың өсуіне әкеліп отыр, - дейді мамандар.
Айта кетерлігі бүгінде бұл патология 40 жасқа дейінгі адамдарда жиі анықтала бастапты.
Жәмила Қайбуллаева, «Кардиология және ішкі аурулар» ҒЗИ басқарма төрағасының орынбасары:
- Өкінішке орай бұл диагноз кейде нәрестелерге де қойылады. Біздің мақсатымыз халық арасында дұрыс тамақтануды насихаттау. Сонымен бірге басқа жағымсыз факторлардың әсерін азайтуға көмектесу. Бұл қауіпті сырқаттан балалар мен олардың отбасы мүшелерін қорғауымыз қажет.
Дәрігерлер дерттің ішек жарасы және Крон ауруы секілді екі түрі көп кездеседі дейді. Біріншісінде тек тоқ ішек зақымданса, Крон ауруы кезінде ас қорыту жүйесінің кез келген бөлігі зақымдануы мүмкін. Бірден бір белгісі-диарея. Бүгінгі таңда заманауи әдістердің арқасында бұл ауруларды тиімді емдеуге болады.
Айнаш Танабаева, «Кардиология және ішкі аурулар» ҒЗИ гастроэнтеролог-дәрігері:
- Биыл біздің дәрігерлер зерттеудің – магнитті-резонансты энтерография, интестиноскопия, ішектің ультра дыбыстық зерттеулері секілді тәсілдерін енгізді. Бұл науқастың ішек құрылысын толық зерттеп, дәрігерлерге нақты диагноз қойып, тиімді терапия тағайындауға көмектеседі.
Қазір елімізде ішектің қабыну ауруларына шалдыққан пациенттердің бірыңғай тізімі жасалуда. Бұл елдегі жағдай туралы нақты мәлімет алып, дәрігерлерге науқастарды дер кезінде және тиімді емдеуге мүмкіндік береді.
Ұлан Нарынбек, Наргиза Такежанова, Сержан Жұмабаев, «Хабар-24», Алматы.