Абай облысы. Ауылға келген дәрігерге үй беріледі
Абыралы өңірінің тұрғындары медициналық ем алу үшін 300 шақырым жердегі облыс орталығына баруға мәжбүр.
Қайнар ауылындағы ауруханаға хирург, гинеколог, педиатр мамандары жетіспейді. Кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін облыста қандай жұмыс қолға алынып жатыр?
Бұл - Семейден 300 шақырым жердегі Қайнар ауылындағы аурухана. Аурухана деген аты болғанымен бүгінде мұнда емделетіндер аз. Өйткені, маман жетіспейді.
Осының кесірінен Айтжамал Бәйдекова сияқты зейнет жастағы дәрігерлерді жұмыста қалдыруға мәжбүр. Ол мұнда 1983 жылдан бері еңбек етеді.
Айтжамал Бәйдекова, медбике:
- Пенсияға шыққаныма бір жылдан асып кетсе де ота бөліміне дайын медбике болмағандықтан сол жерде әлі істеп жүрмін. Жастардың келгісі келмейді. Және дәрігер де жоқ. Ешкім өзіне жауапкершілік алмайды ғой. Біз бұрыннан қалғанбыз. Сондықтан әлі жүрміз.
Бұрын бұл ауруханада операцияның бірнеше түрі жасалатын. Қазір ауыл тұрғындары ем-дом алу үшін 300 шақырым жол жүреді.
Бақтығаным Ысқақова, Қайнар ауылының тұрғыны:
- Ауырсақ қалаға кетеміз бәріміз. Дәрігер іздеп. Осында дәрігерлердің болғанын жақсы көреміз қаралатын. Соқыр ішек болып жатыр мысалы. Олар да қалаға кетеді жанталасып. Бәрі осы жақта болса жақсы болар еді.
Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен Абыралы өңіріндегі 2 мыңнан астам тұрғынға 5 дәрігер қызмет көрсетеді. Қазір аймаққа гинеколог, хирург пен педиатр қажет. Ауылға келетін жас мамандарға баспана дайын.
Сәуле Исаханова, Абыралы өңірлік емханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы:
- Жас мамандарға бізде 5 миллионға дейін бір процентпен қаржыландыру беріледі. Несие. 400 мың шамасында көтермеақы беріледі. Жаңадан салынған үйлер бар. Үймен қамтамасыз етіледі. Әкімшілік тарапынан.
Абай облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірге 80-ге жуық дәрігер қажет. Олардың жартысын шалғайдағы ауылдар күтіп отыр. Түйткілді мәселені шешу үшін жергілікті медицина университетінде грант саны көбейген.
Алтай Дүсіпов, Семей медицина университетінің ректоры:
- Қазіргі уақытта біздің Семей медицина университетінде мемлекеттік грант саны 47 пайызға өсті. Мемлекеттік грантпен қоса жергілікті әкімдіктің гранттары да болады. Олардың саны 37 пайызға өсті.
Грант артқан соң облыс орталығынан тыс жерге жұмысқа тұрғысы келетін жастар саны ұлғайған. Мамандығы акушер-гинеколог Бек Бауыржанұлы Курчатовқа баруға бел буып отыр.
Бек Бауыржанұлы, резидент:
- Келешектегі жоспарым, қазіргі таңның өзінде жұмыстық тағылымдамам Курчатов қаласында өтіп жатыр. Болашақта Курчатов қаласымен тұрақты келісімге отырып, жұмысқа орналасып, олардың берем деген көмегіне разылық білдіріп, сол жақта жұмыс істегім келеді.
Аймақта соңғы жылдары медицина мамандарын облыстық бюджет есебінен оқыту артып отыр. 2023-2024 оқу жылында 22 білім гранты бөлінді.
Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы, «Хабар 24», Абай облысы.