БҚО: Сарыөмір ауылында жаңа амбулатория ғимараты пайдалануға берілді
Тәуелсіздік мейрамы қарсаңында Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Сарыөмір ауылында дәрігерлік амбулаторияның жаңа ғимараты пайдалануға берілді.
Енді жергілікті жұртшылық алысқа бармай-ақ, қан талдауына дейін ауыл зертханасында тапсырып, сырқатын анықтай алады.
Сары өмір ауылындағы амбулаторияның алғашқы қадасы 1 шілдеде қағылыпты. Ғимарат небәрі 5 айда аяқталған. Құрылыс құны 374 млн теңге. Мұнда жалпы практикадағы дәрігер, тіс дәрігері, акушер-гинеколог кабинеті, 8 орындық күндізгі стационар, ең бастысы қан және несеп талдауын жасайтын бұрын болмаған зертхана бар.
Алмагүл Салахиева, Сарыөмір дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі:
-1968 жылы салынған ескі ғимаратта жұмыс жасап келдік осы уақытқа шейін. Жаңа ғимарат салынғанына ауылымызбен бәріміз түгел қуаныштымыз. Өйткені бұл жер кең жарық. Қазіргі кезде жаңа зертхана құралы келді. Енді бізге маманымыз керек. Ол да болады деп жатыр жақын арада.
Жаңа амбулатория ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту пилоттық жобасы аясында салыныпты. Жобаға сәйкес 2025 жылға дейін өңірде осындай 50 нысан салу жоспарда. Соның 12-сінің құрылысы биыл басталған еді. Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімі Нариман Төреғалиев атқарылар ауқымды істерге тоқталды.
Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:
- Қазір 6-нысанды ашқалы отырмыз. Қалған алтауын жылдың аяғына дейін тапсыратын боламыз. Келесі жылы 2024 жылы 38 осындай ауылдарға дәрігерлік амбулатория мен медициналық пункт салатын боламыз. Осының барлығы ауылда өмір сүріп жатқан халқымызға денсаулық сақтау саласындағы жасалып жатқан мемлекет тарапынан үлкен қолдау. Бұны жақсы сезінуіміз керек.
Биылғы жылы мемлекет тарапынан өңірдегі денсаулық сақтау саласына 92 млрд теңге қаралған. 5,5 млрд теңгесіне жабдық алынған. Ал келер жылы 25 миллиард теңгеге қажетті диагностикалық және емдеу қондырғыларына тапсырыс берілмек.
Е.Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов